Банкомат «былықтары» – 2

Банкомат тақырыбына пікір білдіргендеріңізге рахмет.  Банкомат «былығына» қатысты ресми сауал да жолданды, банктерге де хабарластық. Бірақ әуелі пікірлеріңізді бір түйіндеп өтсем деп отырмын.

Блогшылардың пікірі

Оқырмандардың аталған мәселеге қатысты көзқарастары әртүрлі. Дені қазақшасын пайдаланамыз деді. Қате болсын, болмасын «қазақшасын біз пайдаланбағанда, кім пайдалансын» деген ұстанымда. Әу баста, көпшілік қазақ тілі техникаға көндікпеді деген сылтаумен пайдаланбайтын болар деген ой туындаған. Ондай комплекстің бар екені рас. Психолог блогшымыз Серікбай ағамыз ондай комплекстің болатынын жоққа шығармайды. Бірақ оқырмандар оған тоқталмады. Көбінесе «мен не себепті қазақшасын қолданамын, яки қолданбаймын?» деген сұраққа жауап қалдырды.

7 оқырман қазақшасын пайдаланатынын айтты. Басты себеп қазақ тілінің мәртебесіне ат салысқысы келеді. Тіпті қате болса да, қолданушылар санына үлес қосқанды қалайды.

Оқуды жалғастыру

Радиоға келдім

Бұған дейін айтпай жүр едім. Уақыт келген сияқты. Өмірімде алғаш рет радиода (102.2 Energy FM) қызмет етудемін. Әдетте эфирге 07.30, 12.30 және 18.30-да шығамыз.

Жеті жылдан аса уақыт бойы газетте жұмыс істеген маған қазақ тілінде экономикалық радио хабар жасау қызық көрінді. Өзімді де сынап көргім келді. Әрі жаңа нәрсе десе, елеңдеп қалатыным бар. Біздерді радиода жұмыс істеуге ешкім үйреткен жоқ. Тіпті радиохабар қалай жасалатынын да білмедім. Бәрін нөлден бастау керек болды. Әйтеуір бұған дейін жасап жүрген үнхабарлардың ептеп көмегі тиді. Оның үстіне бұл қазақ журналистикасындағы қазақ тілінде шығатын жалғыз экономикалық күнделікті хабар деп түсініп отырмын. Қателесіп отырсам, жөндеп қойыңыздар.

Блогтың орта тұсында тұрған Urimtal Box деген көк жәшікті көрген боларсың. Сол жерге радиохабарларды жариялап жүрмін. Сонымен қатар алдыңғы хабарларымды podkazt.kz деген тораптан да тыңдауға болады. Енді маған жұрттың осы бағдарламаға қатысты пікірін білу керек болып тұр. Бағдарламаны қайтсем жақсы қыламын, пайдалы қыламын деген ой мазалауда. Мүмкін болса, ойларыңмен бөлісуіңді, әрі сауалнамаға жауап беруіңізді сұраймын. Алдын ала рахмет!

Сауалнама мына жерде: http://poll.fm/1m4rs

Доллар қымбаттаса да…

…иманымыз құнсызданбасын! Жол бойы доллардың қымбаттауы жеке маған қалай әсер ететін ойладым. Мен үйді 500 АҚШ долларына жалдаймын. Енді бұрынғыдай 60 мың теңге емес, 75 мың теңге төлеу керек екен. Інімнің оқуының ақшасы да Халық банкінің бағамына сәйкес еді. Ол жақта да өзгеріс болатын шығар… Айлықты доллармен емес, теңгемен аламын. Жұрт дүрлігіп жатыр. Негізі сабыр сақтау керек қой. Теңге құнсызданса да иманымыз құнсызданбасын. Экономиканы халықтың көңіл-күйі жасайды деген пікір бар. Сол рас негізі. Біз дүрлігетін болсақ, алаяқтарға нарықта алыпсатарлықпен айналысып, экономиканы одан сайын құрдымға батыруы мүмкін. Менде банкте депозит жоқ. Несие алған емеспін. Жұмыста бір кісі доллармен несие алып еді. Эмоциясын көрсетпей отыр… Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз… Асып тасып, сасқанды да көргенбіз 🙂
Қырқып қой: Жазбаның толық нұсқасы «Жаңаеуразия» блогында

Исламдық банктің негізгі өнімдері

Исламдық банктің негізгі өнімдері саудақаржыландыру (мурабаха), үлестік бірлескен қаржыландыру (мушарака), жал (иджара), ақшаны сенімді басқару (мудараба), исламдық банк қызметінің ауқымында агенттік қызмет көрсету (вакала), сыйақысыз банктік қарыз операцияларын жүзеге асыру(кард әлхасан). Оқуды жалғастыру

Құранда өсімқорларға арнайы ескерту бар

Исламда пайыз жүйесіне қатысты тиым өте анық, әрі нақты айтылған. Бұл тиымды тек осы аятта ғана емес, Құранның өзге де бөлігінен кездестіреміз. Мәселен, жомарттықты түсіндіргеннен соң, оның қарама-қарсы жағының қауіпті тұстары суреттеледі. Ысырапшылдықтың зұлымдығы мен соңынан әкелер кесапаты айтылады. Төмендегі орысша мәтінді тұтастай қазақ тіліне аударуды жөн көрмедім. Егер аудармасын көрсетуде жөн деп тапсаңыз, оны да айта отырыңыз. Егер аудармашылар аударуда жәрдемдесемін деп жатса, қуаныштымын J

Бақара, 275-аят:

Сондай өсім жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да бейне өсім» дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса өткені өтіп кетті. Оның ісі Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, міне солар тозақтық. Олар онда мәнгі қалады. (Құран Кәрім Қазақша мағына және түсінігі, 47-бет) Оқуды жалғастыру

«Харам» карточкалар

Альянс Банкті сыйлаймын сыйлайтынмын. Неге екенін білмеймін бір симпатия бар. Әйтеуір «Сеймардың» Сейсенбаев Марғұланның қазақ екенін білгендіктен, банктің келбеті қазақ болып көрінгендіктен болар.

Өткенде пресс-конференция өткізді. Байқаймын спикерлердің барлығы дерлік қазақтың жігіттері. Қазақша десең, қазақша, орысша десең, орысша, ағылшын десең ағылшынша сақ-сақ етеді. «Ана тілінде» «Сеймар» басшысының бір сұхбатын да оқығаным бар. Өз сөзінде ол экономика жөйттердің қолында дегенді ашық айтқаны бар. Бірақ сол пресухадан (ренжіме, баспасөз мәслихаты ауызекі тілде өз арамызда кейде осылай аталып кетеді) кейін бір түрлі күдік алып қалдым. Күдіктен тезірек құтылмаса болмайды. Әрбір күдік харамға итермелейді деген бар емес пе?

Негізі екінші деңгейлі банк болғанымен қаржы қоржындары (кредитный портфель) онша бүліне қойған жоқ қой. Сыртқы қарыздарының көп бөлігін қайтарыпты. Енді жаңа бір өнім ұсынамыз дейді. Мәселен, кредит карточкаларына басымдық бермек. Басты артықшылығы кредитный карточкадан ақша алмасаң, ол өздігінен көбейіп өсе бермек. Енді пайыздық өсу болады деген сөз ғой. Осы сөзді естігенде банктен көңілім суып кетті. Қарсы алдымда доңыздың етін жеп, майын қолымен сүртіп тұрған біреу елестеп кетті.
Харам емес пе? Карточкадағы ақшаның үстіне өздігінен пайыздар қосылып, ақша өсетін болса, бұл карточканы мұсылмандар қайтып тұтынбақ? Харам еместі харам деп айту дұрыс еместігін білемін. Осы жазбаны оқығандар аталған мәселеге қатысты дұрыс бір жауап бере алса, жөн болар еді…