Қазақ блогшыларының суреттері газетте жарияланды!

wordpressЖолай екі газет сатып алдым. Алғашқы бетінде Астананың қоқысына лақтырылған Керей мен Жәнібек ескерткіші тұратын болар деп ойлағанмын. Қателесіппін. Бірі Тоқаевтың сапарын, екіншісі президенті жазыпты.
Бізде қазақ баспасөзінде ұлттық мәселені айғайламай, ұрандамай, нәзік жолмен жеткізу деген жазылмаған ереже бар тәрізді. Бұл әрине дұрыс қой. Бірақ қазір ақпараттың дені бір құрылтайшыға қараған соң, әуенге де солар тапсырыс береді.
Жалпы, газетті сатып алуыма «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы Кәмшаттың «Қазақ блогосферасы: Тілді сақтаймын десең, Интернет тілін қазақша сөйлет!» мақаласы түрткі болды. Бекжан, Нұрғиса үшеуіміздің пікіріміз беріліпті. Бұл мақала күні кеше Астана Ассамблеясындағы қазақ тіліндегі интернетке қатысты жиын өтпесе, шықпай да қалар ма еді. Мақала ішінде Ерлан, Аршат есімді блогшылардың есімдері де аталады 🙂 Бір қынжылатыным, әлі күнге дейін блогосфераны, интернетті белгілі бір адамдар ғана дамыту керек деген түсінік қалыптасып келеді. Күні ертең бір нәрсе дұрыс болмаса, сосын солардан көрмекші. Үндемей жүре берген де жөн шығар…
Кәмшат, қазақ тілді блогосфераның насихатына қосып жүрген үлесің үшін шексіз алғысымды білдіремін!

P.S. Газетке шығу мүмкіндігі болған соң, wordpress блогтары соңғы кездері ашылмай қалатын бір ауруға ұшырағанын айтамын деп тұрып, тілімді тістей тұруға тура келді. Әуелі дамып алайық. Проблемамызды сол кезде, бәлкім айтармыз. 🙂

Сурет СС рұқсаты негізінде iamperegrino есімді Flickr қолданушының мұрағатынан алынды

Advertisements

Әжемізден мұраға не қалды?

Үлкен кісілерден күнде сұхбат ала бермейсің. Олармен сұхбаттасқанды жақсы көремін. Әсіресе шежірешіл қарттарды. Қазиза апаның көргені мен көңілге түйгені көп. Мен кітаптан оқыған тарихты ол кісі басынан өткерген. Бәрін әп-әдемі айтып берді. Қазиза апа сұхбат алғаннан кейін ұзамай қайтыс болды. Марқұм апамыз газет бетінде жарық көрген бұл мақаламды оқыды ма, оқымады ма білмедім. Осыдан үш-төрт ай бұрын жазған едім. Негізі ата-әжелерімізден көп мұраны сақтап алып қалсақ жақсы болар еді.

Қарқаралыда Қырық үйлі Қамбар дейтін жер бар. Қаратал өзенінің жанында. Ертеректе Қамбар деген кісінің қырық үйі болғандықтан солай аталып кетіпті десе-ді. Бүгінде Қамбардың көзін көрген ешкім қалмады. Тек сексен үш жастағы Қазиза апаның ғана отбасында қырық үйлі Қамбар жайында әңгімелер айтылатыны еміс-еміс есінде. Ол кездері Қазиза тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз болатын.

Қазиза апа айтады: «Әкем биялайына бидай тығып, халыққа үлестірген»

–1924 жылы Қарқаралы етегіндегі Қаратал (кейін Тегісшілдік болды, одан соң Восток деген совхоздың құрамына кірді, қазір – Тоқтар Әубәкіров атындағы ауыл) деген ауылда тудым. Жанымызда Қаратал өзені ағып жататын. Маңайы талға толы болғандықтан, Қаратал деп аталыпты ол жер. Әкем Құдайберген Миллианұлы қойма бастығы, кейін алғашқы колхоз құрылғанда басқарма болды. Ол кездері біздің ауылды «қырық үйлі Қамбардың жері» деп атайтын. Уақыт өте келе колхоз бен совхоздар шығып, ауыл-ауылға бірігіп жатқанда, ол атау ұмытылып қалды. Колхоздың басы-қасында жүретін әкем өле-өлгенше: «Қарақтарым, жүректерің түзу болсын» дейтін. Бұл 1932 жылдар болатын. Халықтың көбі аш болды. Көз алдымызда аштан өліп жататын. Шешем марқұм: «Ел аш болып отырғанда бір үйдің тоқтығынан не пайда? Тамағың ас болып сіңбейді», – деп айтып отыратын. Ол кезде жеті-сегіз жастамын. Ештеңенін қадірін білмеймін.

Менің көз алдыма мына оқиға оралды:

Аштық жылдары ауылдағы жалғыз қойманың кілті Құдайбергеннің қалтасында жүретін. Қызыл көздер оны жіті бақылап, аттап басқан ізін аңдитыны да содан. Көрші-қолаңның аштан қырылып жатқанын көрген Құдеке ұзын саптама етігін киіп, кең қолғап биялайымен астыққа толы қойманы ұзақ аралайтын. Сол күні кеш бата етігінің ішіне сусып түскен бидайды бір үйге, қолғабының ішіне жиналып қалқан азғантай тарыны келесі үйге үлестіріп, ертеңіне елең-алаңнан қалдырып кеткен қолғабы мен етігіне қайыра баратын. Құдайбергеннің қайырымды қулығын Құдай ғана көрмесе, қызыл коммунизм байқамапты. Басқарма-Құдайбергеннің: «Шешемнің жаназасына қатыса алмай қаламын» деп партияға да мүше болмағанын сол кезде аштықтан іштері бұратылып жатқан кішкентай балалар өсе келе ғана білді.

(жалғасы бар)