
News Literacy Summer School-2017 Participants, Poznan, Warsaw
Познандағы Адам Мицкеевич Университетіне бес сауалмен келіп едім, бес жүз сауалмен кері қайтып бара жатырмын.
Бәрі де Пол деген журналистерге ағылшын тілін беретін әріптесімнің жіберген хатынан басталды. «News Literacy деген жазғы мектеп бар екен. Қатысып көрсең», – деді. Пол екеуміз MediaNet-те «English for Journalists» курсын жүргіздік.
Сипаттамасын қарап едім. Ұнады. Себебі СДУ-да «Медиа сауаттылық» курсын оқыту керек деп ойлап жүргенмін.
Журналистер контент жасау білгенімен тұтастай алғанда бірінші медиа сауаттылық курсын бітіру керек екенін түсінетінмін. Сөйтсем, одан да маңыздысы бар екен. Жаңалық сауаттылық деген. Ағылшынша News Literacy деп аударыпты. Мен оны «Жаңалықтану» деп аудардым.
New York-тағы Stony Brook университеті мен Познандағы Адам Мицкеевич университетіндегі News Literacy Center бірігіп осымен төртінші рет медиадан сабақ беретін оқытушыларға арнап, арнайы курс өткізіп жатыр екен.
Сонымен «Жаңалықтану» пәні нені зерттейді?
Жаңалықтың болмысын, құрылымын, оның сапасын әрі құрамдас бөліктерін қарастырады.
Студенттер жаңалықтың сапасын анықтауды үйренеді, жаңалықтың ішіндегі дереккөзге қойылатын талаптармен танысады. Қысқасы, «Қай жаңалыққа сенуге болады?», «Қай жаңалыққа сене алмаймыз? Неге?» деген сұрақтарға дайын жауап табады.
Ақпарат деген – өнім. Оның сапасын тексеру керек. Кім жасады? Жеке меншік компания ма? Мемлекет пе? Егер үстелмен салыстырсақ. Бұл да өнім. Сатып алмас бұрын оның сапасын тексеріп көреміз. Қандай компания жасады? Қандай материалдан жасады?
Тұтастай алғанда «Жаңалықтану» студенттерге емес, жалпы бұқараға керек. Бұқара жаңалықты тани білсе, журналистерден сапалы контентті талап ете бастайды. Сол кезде журналистика сапасында ілгерілеушілік болады. Жаңалықтану мектепте жоғары сынып оқушыларында Медиа сауаттылық негізінде оқытылуы керек деп ойлаймын.
Бұйыртса, бұл курс келесі жылы да өтеді. Қатысамын десеңіз, жоғарыдағы сілтемені қадағалап жүруге кеңес беремін.
Журналистикадан сабақ беретін Қазақстандағы оқытушыларға арнап осындай курс ұйымдастыруды ойластырып көру керек деп отырмын.