Малайзия. Мелака. 2009

Ақша туралы…


… сөйлесе алмайды екенмін. Кішкентай кезімде ата-анам бетімді бір рет қайтарып тастаған. Бірақ бәрібір де берілгім келмейді. Ақшамен сөйлескім келеді. Себебі өзгерістен қашуға болмайды деп санаймын.

Малайзия. Мелака. 2009

Малайзия. Мелака. 2009

Америкада жүргенде де ең қиыны осы болатын. Ақша туралы сөйлесу. Олардың ақша туралы әңгімесі арқаға сұғылатын қанжар тәрізді. Күтпеген жерден атып шығатын. Болмашы бір қызмет көрсеткендей болсаң, соның өзінде «Қанша?» деп сұрайды.

Тіпті «жақыннан араласып, сырласып жүрміз, осы бір досым-ау» деп санайтын адамның өзі «Саған қанша төлейік?» дегенде санаңның әлдебір түкпірінде достық деген көпірдің бір шеті сөгіліп жатқанын сезетінмін. Бізді кішкентай кезден «Достық ақшаға сатылмайды» деп үйретіпті. Ал оларға «ақша құрметтің белгісі» деп түсіндіргенге ұқсайды.

Менен «Америкада неге қалмадың?» деп сұрағандар көп. Бәлкім осы нәрсе кедергі болған шығар…

Намазға жығылған америкалық достарым бар. Бірде солар бір үйді жөндейтін болды. Әрине оларға бұл еңбегі үшін ақы төленген. Анасы да баласына көмектеспекке ат арылтып, көрші қаладан келді. Содан олардың отбасымен жақыннан араласатындықтан мен де көмектеспек болдым. Бір аптадай жұмыс істеген шығармыз. Жұмыс дегенде тау қопарарлықтай іс емес. Бір қабырғаны ақтап, сырлау т.с.с. деген майда тірліктер.

Америкада бұндай шаруаларды жеңілдетіп, тездету үшін түрлі технологиялар (арнайы бояулар, құрал-жабдықтар т.с.с.) барын ескерсек, еңбек деп айтпас едім. Маған жай ғана америкалықтармен араласу, оларды жақыннан тану қызық еді. Содан бірде түскі ас кезінде (анасы түскі асты өзі дайындап беретін) «Анашым меннен саған қанша төлеуіміз керек екен» деп сұрап жатыр» демесі бар ма… Жеп отырған наныма қақалып қалдым.

Не дерімді білмедім. Себебі олардан ақша алсам, кейін еңбегін бұлдаған адам болып қалармын деймін. Тіпта қанша сұрауы керектігімді де білмеймін ғой. Алмайын десем, бұларды ренжітермін деймін. Бір жақсысы кейде әңгімені тік айта салатын «жаман» әдетім бар. Соған салып «Есің дұрыс па?» дан бастадым. «Қайдағы ақша? Мен жай үйде босқа отырғанша сендермен бірге болайын, көмектесейін» дегенмін деп әзер құтылғанмын. Өмір бойы Америка топырағын еміп өскен анасы бәрібір де менің не себепті ақша алмағанымды түсіне алмады-ау. Қызық.

Америкада бір жылдай Қарттар орталығында волонтер болдым. Волонтерларға «көмектескеніміз үшін ақы алмаймыз» деп тіпті келісімшартқа қол қойдырып алады. Мен де қол қойдым. Қайдағы…

Менің қарт студенттерім оның да ебін тапқан. Маған ақшаны ғимараттың ішінде емес, сыртында берді ғой. «Сен бізге уақытыңды арнап, біліміңмен бөлісіп жатырсың. Бұл – еңбек. Сен бізден ақша алмайтыныңды білеміз. Бірақ ол келісімшартта тек ғимарат ішіндегі қызметіңе ақша алуға болмайды деп жазылған» деп мен түсініп оқымаған келісімшарттың әрбір әріпін жаттап алған. Өздері тіпті қала ішінде компьютерлік курстардың бір сағаты қанша болатынын біліп, маған да ақша беріп жаман үйреткен…

Америкаға оқуға барар алдында бізге арнайы тренингтер ұйымдастырды. Соның бірінде tips (қызмет көрсеткені үшін берілетін ақы) туралы болды. Енді кинолардан көресің ғой. Ресторанда тамақ ішіп болған соң даяшыға типс қалдыру керек. Қазақстанда бұл нәрсе бірден чекте жазылып тұрады. Сондықтан ондайды бермейді екенбіз. Ал Америкада типсті тек қана даяшыға береді деп ойлаппын. Сөйтсем, сізге қызмет көрсеткеннің бәріне беру керек екен.

Нью-Йорктың дәретханасында тіпті қолыңызды жуып болған соң сізге сүлгі ұсынып тұратын (дәретхана ішінде!) арнайы адам бар. Ол сізге қол сүртетін сүлгі ұсынады. Сіз оған да типс беру керексіз.

Мен байғұс шаштаразға барып, ақымды төлеп шығып кеткен соң, менің шашымды қысқартып берген адамға типс беруді ұмытып кеткенім есіме түспей ме… Содан екі күн бойы әлгі шаштаразым мені қарғап жатқан шығар деп ойлап, ұйықтай алмай мазам кеткен. Келесі айда шашым қатты өспесе де сол шаштаразға қайта барып, «Өткен айда ұмытып кетіппін. Кешір» деп екі есе көп типс беріп кеткен едім.

Типсті қалай есептейді? Негізі оңай. Соманың он пайызы – қалыпты типс. Ал он бес пайыздан басталатыны «Шын көңілмен беріп отырмын» дегеніңіз. Қонақ үйге тоқтасаңыз, бөлмеңізді жинап, төсек-орныңызды реттеп кететіндер бар емес пе. Соларға да типс бересіз.

Бұған де ет үйреніп кетеді. Себебі бұл қызмет көрсететіндердің негізгі еңбекақысы осы типстерден құралады. Сондықтан мейлінше жақсы қызмет көрсетуге тырысады. Бір жағынан «Бұл шынайылықтан алыстатады. Адамдар ақша үшін өтірік жымияды» деп олардың бұл тәсілін жек көретінмін. Бірақ Америка бизнесі, өмір салты, ақша туралы түсініктері басқа болған соң, не дейсің?!

Қарап отырсам, ақшаны санауға, үнемдеудің жолын қарастыруға, реттестіруге бейімделе бастаппын. Бұрын ақшамен мүлдем сөйлеспейтін болсам, қазір диалог құруға дайындалып жүр екенмін. Ал сіз ше? Ақшамен сөйлесесіз бе?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Advertisements

6 thoughts on “Ақша туралы…

  1. 2009 жылы Дели қаласына түсіп екі қазақ отельге барғанбыз. Кіре салысымен бір индус жүгіріп келіп сөмкемізді көтеріп, асты-үстімізге түсіп жатты. Бөлмеге кіре салысымен Мен оны «рахмет» деп шығарып салып жатсам Ол менен tips дейді. Ондайға етіміз үйренбеген күлкіден қарқылдап жаттық.)) Сөйтіп 10 рупи беріп шығарып салғанбыз.

  2. Мен Американы көрген жоқпын, Америка да мені көрген жоқ. 🙂
    Сондықтан өзіміздің Қазақстан бойынша айтсақ, мәселен, кафе-мейрамханаларда ішкен тамғыңнан бөлек «обслуживание» деп көрсетіледі. Сосын да шәй-пұл бермейтін шығармыз.
    Америкада, мысалы, егер өз еркіңмен типс бермесең, ана кісі сіз үшін тегін қызмет көрсеткен болып шыға ма?
    Ақша демекші… Бұрынғы бастығым «кез келген еңбек бағалануы тиіс» деп отыратын. Сосын сверхурочный жұмысымыз үшін қосымша ақы төлеуді сұрағанымызды сөкет көрмейтін. Ал, одан кейінгі басшымыз бұнымызды түсінбеді.
    Сосын мынадай да жағдай болады. Кейде адамдар таныстығыңды пайдаланып, еңбегіңе ақы төлемей жатады. Ал, ол кісі сол қызмет арқылы өміріне табыс тауып жүруі мүмкін. Бір құрбым аударма жасайтын еді. Бірде ортақ танысымыздың 50-60 беттік жұмысын аударып берді. Көз майын тауысып, бірнеше күн жасаған аудармасына қанша төлегенін айтпай-ақ қояйын. Айтайын дегенім, достық пейіл, қол ұшын созу, алғаусыз көмекті біреудің еңбегін пайдаланудан қалай ажыратуға болады?

  3. Мынау қызық жазба екен). Ешқашан ақшамен диалог құрмаппын. Мені тыңдайтын ақша да жоқ)).
    Америкалықтардың «Ақша – құрметтің белгісі» дегенімен келісемін. Адам үй, машина, киім, тағы басқа материалды заттардан бөлек, түрлі идеяларын жүзеге асыру үшін ақша табады емес пе? «Досым ғой», «танысым ғой» деп, 50-60 бетті аудартып, немесе редактировать етіп, үнсіз кетсе де мәдениетсіздіктің, сыйламаудың белгісі ғой. Ақшадан да маңыздысы адамның уақыты өледі. Арықарай басқа да теріс жақтарын жаза беруге болады. Бірақ мұны мына нәрсемен шатастырып алуға болмас.
    Адамның өзгеге көмек қолын созу міндеті барлық уақытта бірінші орында тұруы керек.

Пікір үстеу

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s