ҚазТАГ-тағы пікірім: “Интернет – құрал”


Nokia N900 communicator/internet tablet Русски...

Бірнеше ай бұрын Жұлдыз Әбділда интернетті бақылауға қатысты бірнеше сауалға жауап беруімді өтінген еді. Ол кезде сауал тек маған ғана қойылған болар деп, ұзақ жауап беріппін.🙂 Сөйтсем, сауалнама нұсқасында болған екен. Жұлдыз Әбділданың “Қазақ Интернеті қай бағытта дамып жатыр?” деген мақаласының толық нұсқасын ҚазТАГ сайтынан оқи аласыз. Алда-жалда қажет болар деп, өзімнің берген жауабымды жариялап отырмын.

Ең әуелі Интернет деп нені түсінетінімізді анықтап алу керек сияқты. Менің түсінігімде Интернет – құрал. Ахмет Байтұрсынов кезінде тілді құрал десе, интернет те біздің дәуірімізде бірінші кезекте дәл сондай қарым-қатынас құралы. Тілді қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар адамды иландыру, үркіту т.с.с. мақсатта да қолданатымыз рас. Бірақ ол үшін адам құралды жақсы пайдалана білуі керек. Интернет те дәл солай. Білген адам оны дұрыс мақсатта қолданады. Білмеген адам білген адамның обалына қалады. Менің бұл ойым нақты Қазақ интернетіне қатысты емес, жалпы интернетке қатысты. Себебі әрбір елдің ұлттық дәстүрі мен танымына сәйкес «құрал» әртүрлі қолдануы керек деп санаймын.

Интернетті құрал тұрғысынан қарастырсақ, оны бақылаудың орнына дұрыс қолдануға қатысты ортақ нұсқаулықты әзірлеген жөн тәрізді. Себебі интернеттің ерекшелігі жылдам текст (ақпарат, сурет, бейнематериал, т.с.с.) алмасудан көрінеді. Коммуникация жасауда нақты бір ереже жоқ. Адамдар өресі жеткен деңгейде пайдаланады. Интернетті қолдану, оған әртүрлі ақпараттарды енгізу арқылы біз қазір интернетті бағындырудың орнына, сол технологиялық құралға бағынышты болып барамыз.

Интернеттің де өз ережесі, даму заңдылығы бар. Мәселен, ғалымдар қазір Интернеттің жаңа бір түрін ойлап тауып жатыр. Оның нақты қандай болатынын білмеймін. Бірақ ол да адамдардың коммуникациялық дағдыларына өзгеріс әкелері сөзсіз. Технологияның бір орнында тұрмайтыны, үнемі біздің нәпсілік қалауымызға орай дамып отыратыны рас. Интернетті бақылауға алғанымен, оның дамуын тоқтата алмаймыз. Дамуын уақытша тежеуге болатын шығар.

Қазақ интернетіне қатысты айтар болсақ, дәл қазіргі уақытта ұлттық тұтастықты сақтау үшін интернеттегі ақпараттарды реттеу аса өзекті. Қазақстандағы ақпараттық технологиялық сауаттылықтың төменгі деңгейде болуы осындай қадамға баруға мәжбүрлейді. Интернеттегі дұрыс ақпарат пен бұрыс ақпараттың ара-жігін ажырататындар аз. Әлемдік компаниялардың есебінде Қазақстан ақпараттық технологиялық сауаттылық жөнінен Африка елдерінің қатарында тұр. Алайда жалпы сауаттылық бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Біздің елімізде сауалнама жүргізінде «компьютер қолдану білесің бе?» деген сауалмен сауаттылық деңгейі өлшенеді. Бірақ әрбір мамандық иесінің ақпараттық технологияларды (тек қана компьютер емес) өзінің кәсіби дамуына бейімдей білуіне қатысты зерттеу жасалмайды. Қазақстанда ақпараттық технологиялық сауаттылық кең етек жаймайынша, интернет сияқты технологиялармен бұқараға манипуляция жасау оңай болмақ. Сонымен қатар мемлекеттік инновациялық жобалар бойынша алға қойып отырған бағдарламаларды да жүзеге асыру қиындайды. Оның үстіне қазақ тілімен технология арасындағы «түсінбеушілікті» де тез арада шешу қажет. Қазір мектеп оқушыларына жай ғана компьютер қолдануды емес, сонымен қатар соның ішіндегі контентті саралаудың да жолдарын, интернетте жеке басқа қатысты мәліметтерді құпия сақтаудың жолдарын түсіндіруіміз керек деп ойлаймын.

Бақылау мүмкін бе?

Біз түсінетін заң аясында интернетті бақылау мүмкін. Яғни, бақылау деп бұл орайда интернетке мәлімет енгізуші адамдарды қорқыту, оларға айтқысы келгенін айтқызбаудың түрлі тәсілдерін енгізуді айтып отырмын. Қазақстанда Интернет бақыланып отырғаны аян. Біріншіден, бұл бақылау экономикалық механизмдермен жүзеге асып отыр. Қазақстандықтар бір ғана интернет қызметін ұсынатын мемлекеттік «Қазақтелеком» компаниясының саясатына тәуелді. Екіншіден, орыс немесе ағылшын тілін білмейтіндер де бақылаудың аясында. Себебі күллі интернеттегі әлемдік коммуникация олар үшін тек қазақ тілін білетіндермен шектелген. Үшіншіден, әлеуметтік жағдай арқылы да адамдардың интернетке шығу-шықпауын бақылауға болады. Мәселен, Тәжікстанда өзге Орталық Азия елдеріне қарағанда 3G буынды байланыс түрі бірінші қосылды. Бірақ халықтың әлеуметтік жағдайы мұндай технологияның жетістігін көруге мүмкіндік бермейді. Бұл заң нормаларынан тыс болып жатқан бақылаудың формалары.

Егер бақылау қажет болса, ол қандай форматта болуы тиіс?

Интернетті бақылау дегенде бірінші кезекте қауіп тудыратын интернетте әртүрлі контент таратушылар. Интернет құрал болғандықтан, өздігінен қауіп тудырмайды. Оны тұтынушылар, соны тұтынуға мүмкіндік бергендер қауіптің артуына үлес қосады. Сондықтан интернеттегі әлеуметтік желілер қауіпті деген көзқарасқа келісетіндер көбейіп келеді. Әрі интернет ағартушылықты, бизнесті дамытуға сеп болатын құрал дегеннен гөрі, саяси мақсаттағы қауіпті құрал деген қорқыныш көп.

Интернеттегі әлеуметтік желілердің функционалдылығын түсінетіндер арасында оның жаман, я жақсы жағын санамалап бере алатындар көп. Жаман дегенде бірінші кезекте әлеуметтік желілердің әлдебір елдің тұрақтылығына қауіп төндіруімен байланыстырады. Бұған Америка медиасының қоғамға «Туиттер төңкерсі», «Фейсбук ереуілі» деген тәрізді тіркестерді ұсынуы түрткі болды деп есептеймін. Шындығында әлдебір қоғам ішіне өзгеріс әкелген тиуттер немесе фейсбук емес, сол құралды ұтымды пайдаланған топ өкілдері. Әлеуметтік желілердің жақсы жағы да жаман жағы сияқты адамдарды бір іске ұйымдастыруымен көрінеді. Мәселен, Барак Обама президенттік сайлауда осы құралды тиімді қолданды. Қазір де АҚШ сыртқы саясатын насихаттау үшін әлеуметтік желілерге үлкен маңыз беріп отыр. Ал өзінің ақпараттық технологиялық индустриясын дамытпаған елдер үнемі қорғану позициясына көше бастады. Бұл орайда, АҚШ-та да соңғы кездері интернетті бақылауға қатысты заңнамаларды қабылдау керек деген пікірлер ашық айтылып жатқанын байқап отырмын. Бұл бақылаулардың түрі мен сипатына тоқталып көрсек:

1. Өз мемлекетінің емес, өзге елде дамып жатқан компанияның интернет құралына тәуелділігі артып бара жатқан елдер оны заң арқылы шектеп, бақылауға көшті. Мысалы, таяуда Иран өзінің іздеу жүйесін дамытуға күш салатынын мәлімдеді. Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің де бірсыпырасы (Корея, Жапония) google немесе yandex іздеу жүйесін емес, өздеріндегі коммерциялық компания жасаған іздеу жүйелерін пайдаланады. Іргеміздегі Ресейдің де өзінің іздеу жүйесін дамытып отырғанын білеміз (mail.ru, yandex.ru). Бұл орайда әр ұлттың өзгеге ұқсамайтын төл әліпбиінің де болуы рөл ойнайды деп санаймын. Біздің ортақ әліпбиіміздің болуы бір есептен осы орыс тіліндегі ресурстарға деген тәуелділігімізді арттырып қана қоймай, Ресейдің интернет нарқын дамытуға үлес қосуға мәжбүрлейді. Әрі мұндай іздеу жүйелерін мемлекет емес, жекелеген коммерциялық компаниялардың бастамасымен пайда болып, ол нарықтың сұраныс-ұсынысымен реттелуі керек.

2. Қазақстан, Белоруссия, Ресей, Өзбекстан контентті шектеу үшін сайттарды құрсаулады. Бұл тізімге кейбір танымал ресурстарды шектеген елдерді де қосуға болады. Мысалы, Сауд Арабия елдері youtube-қа тыйым салса, Түркияда

wordpress.com блогтұғыры сот шешімімен жабылған. Яғни, бұл елдердегі интернеттің дамуына тікелей дем беретін провайдерлер мемлекет меншігінде болғандықтан, дәл осы тәсілді тиімді санайды. Тиісінше, өзге елдің контентін шектеу арқылы мемлекет ұлттық контентті дамытуға күш салады. Бірақ бұл процесс интернет нарықтың табиғи сұранысынан емес, жасанды сұраныстың есебінен жасалғандықтан түбі өзін ақтайды дей алмаймын. Қарсылық іштей қарсылықты тудырады. Қытайда қазір сондай көріністі көріп отырмыз. Қытайлық студенттердің көпшілігі мемлекеттің қойып отырған құрсауларын айналып өтудің мыңдаған жолын жақсы біледі.

3. Америкадан бастау алған Уикиликс құбылысы журналистика мен ақпаратқа қатысты ұғымды өзгертіп отыр. Дәл қазір Америкада SOPA/PIPA деген атпен интернеттегі авторлық құқықты қорғаймыз деп, белгілі бір деңгейде бақылау функциясын енгізу жағын қарастырып жатқан топ бар. Америкада осы уақытқа дейін интернеттегі авторлық құқық провайдерлер негізінде арнайы бір заңнамалық құжат негізінде үйлестіріліп отыр. Мәселен, сіздің суретіңізді біреу ұрлап, өз сайтына жарияласа, сіз провайдердің жұмысын қадағалайтын арнайы ұйымға өтініш білдіресіз. Олар провайдерге хабарласып, суретті алып тастау керектігін айтады. Америкада интернет нарық жақсы дамыған, бұл мәселе сұраныс пен ұсыныс бойынша шешілуде. Бірақ интернеттегі контентті күллі әлем көретіндіктен енді реттеудің жаңа тетіктерін қарастыратын күн туғанға ұқсайды.

4. Интернет жайын айтқанда адамдардың көпшілігі қазір қалтафон қолданатынын да естен шығармайық. Адамдардың мобильді интернетті тұтынуы артып отыр. Өткен жылдың соңында Әзірбайжанда мобильді телефондарды тіркеу ережесі қабылданды. Жауапты министрлік бұл террорлық шабуыл туралы жалған ақпараттың алдын алу үшін қолданып отырған шара дегенімен, бұдан былай қалтафон арқылы кімнің не айтып отырғанын бақылау оңай болады деген сөз. Мұндай ережелер өзге де елдерде қабылданады деп ойлаймын. Себебі Қазақстанда әзірге телефон байланысын келісім-шарт негізінде сатып алу қызметі жоқ.

Әр елдің алға қойып отырған мақсат-міндеттері, елдеріндегі салт-дәстүрі, саяси-экономикалық ерекшеліктерге орай бақылау формасы әртүрлі болуы заңдылық. Бірақ интернет құралдар мемлекеттің өз ішінде болса ғана бақылау формасы өзін ақтайды. Өзге елдің компаниясының өніміне тәуелді елде бұл өзін ақтамайды. Түптеп келгенде адамның ойын, сөзін бақылау өте қиын. Интернеттегі адамдардың ой-пікірлерін қорқытып, үркіту арқылы бақылағаннан гөрі, бұқараның өзіне қолайлы ережелер негізінде реттестірген дұрыс. Әрі мұның ең тиімді тетігі ол интернеттің бизнес тұрғысынан қарастырып, дамыту. Сол кезде нарықтың өзі реттестіреді деп санаймын.

Қазақ интернет кеңістігінде сізге не нәрсе ұнамайды? Нендей нәрсе көңіліңізден шығады?

Қазақстандағы интернеттің дамуы бір қоғамның тілдік тұрғыдан бөлінуінің тереңдеп бара жатқанын айқын аңғартты. Яғни, қазақ тіліндегі интернет қолданушылардың тақырыбы мен орыс тіліндегі интернет қолданушылардың көтеретін тақырыптары әртүрлі. Бұл екі топқа енді шетелдегі қазақтілді аудитория да қосылғысы келіп отыр. Қазақстандағы интернетте қазақ тілділерге үлкен мүмкіндіктер бар. Себебі бұл тың, игерілмеген кеңестік болғандықтан 20 жылда қалыптаспаған ұлттық идеологияны да, 20 жылда мәртебесі иеленбеген қазақ тілін де дамытудың техникалық жолдары көп. Тек соны сауатты дамыту үшін қазақтілді қоғамның өз тарапынан белсенділік болмай отыр. Қазақ интернеті дегенде мен көбіне қазақ тіліндегі контенті бар ресурстарды көз алдыма елестетемін. Өкінішке қарай, бізде ондай сапалы ресурстар өте аз. Мен бұны ағылшын немесе өзге тілдегі ресурстармен салыстырып отырмын. Себебі Қазақстандағы қазақтілді интернет қолданушы мен орыстілді интернет қолданушының арасындағы айырмасы сол, қазақша қолданушылар кем дегенде екі тілді (қазақ, орыс), кейде үш тілдегі (ағылшын, қытай, түрік, моңғол) ақпаратты тұтынады. Әрі қазақша ресурсты сол өзге тілдегілермен салыстырады.

Интернетті қазақтілді белсенді топ орыстілділер тәрізді көбіне саяси мақсатта ғана қолданудың жолын қарастыруда. Қазақ интернетін бизнес тұрғысынан қарастырып отырғандар көрінбейді. Өткен жылы елімізде электронды ақша туралы заң қабылданды. Бұл интернеттегі жобаларды коммерцияландыруға жол ашады. Бірақ қазақ интернетіндегі екінші топ – энтузиастар. Оларға инвесторларды шақырып, бизнес жоба бастау қазір қиындау. Негізі интернеттен адамдар контент іздейді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ тіліндегі интернеттің орыс тілдегіге қарағанда артықшылықтары бар. Себебі қазақша жазылған сапалы контентті өзге тілді ресурс бере алмайды. Сондықтан қазақ тілділердің ақпараттық сұранысы артқан сайын қазақша ресурстар да дамиды. Үкімет осындай ресурстардың бизнес тұрғысынан дамуына ыңғайлы жағдай жасау үшін қазақ тіліндегі интернеттің мүддесін күйттейтін үкіметтік емес ұйымдар қалыптасса жақсы болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттің қыруар ақшасы kaztube, bnews тәрізді жобаларға жұмсалды. Менің ойымша мемлекеттің ақшасы мұндай жобаларға жұмсалмауы тиіс. Керісінше, соған балама болып отырған kiwi.kz сияқты ресурстардың коммерциялануына мүмкіндік тудыратын заңдар әзірлеп, жол ашқаны жөн.

Қазақстанда қазір blogspot.com, wordpress.com және livejournal тәрізді әлемдік блогтұғырлар құрсауланып тұр. 2006 жылдан бері wordpress.com блогтұғырын қазақ тіліне аударып, сол жерде 500-ден аса блог тіркелген еді. Әрі блогшылардың басын қосып, қазақша интернетті дамытуға қатысты жақсы бастамалар туындай бастаған. Блогтағы жұрттың ойын саралау арқылы қоғамдық пікірдің ауанын байқап, қоғамдағы мәселелерді зерттеуге септігі тиер еді. Бірақ ҚР Ақпарат министрлігінің 2010 жылы орыс тіліндегі екі блог (екеуі де Ресейде тіркелген еді) Қазақстанның заңнамаларына қайшы мәлімет таратып отыр деп, күллі wordprss.com блогтарын жауып тастағаны бар. Бұл жөнінде, өкінішке қарай, тек санаулы ақпарат құралдары ғана дабыл қақты. Мемлекет қазақ тілін дамыту керек дей тұра, орыс тіліндегі екі блогқа бола, интернетте өз еркімен қазақ тіліндегі контентті дамытып отырған 500-ден аса блогшының әрі оның оқырмандарының көңілдерін суытты. Парламент мінберінде сол 500 блогшының арасында депутаттар болмаса, ол әрі ұзақ жабылар ма еді. Уақыт өте келе қайта ашылды. Бірақ қазір тағы жабылды. Бұл жәрде мәселе тіпті блогтұғырдың ғана жабылғандығында ғана емес, блог бастау арқылы көпшілікке ақпараттық технологиялық сауаттылықты арттырсақ деген қарапайым азаматтарды өздеріне қарсы шығарып алды.

P.S. Өзге сарапшылардың пікірлері жарияланған мақаланың толық нұсқасын ҚазТАГ сайтынан оқуға кеңес беремін.

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s