Америка қарттарына компьютер үйретіп жүрмін


82 жастағы америкалық апаға интернеттің қыр-сырын үйретемін деп ойламаппын. MUSKIE шәкіртақысының талабы бойынша әрбір студент қоғамдық жұмысқа ат салысуы керек. Ларами қаласында қарттар үйі бар дегенді естіп, соны көрмек болдым. Бір есептен жалғызілікті америкалық қарттар қандай екен, біздің қарттар үйіндегі жандардан айырмасы бар-жоғын білгім келген.

Қаңтар айында Қарттар үйіне барғанда сол айда туған кісілердің туған күнін атап өтіп жатты. 20 шақты қарттың атын атап, құттықтап, солардың құрметіне қонақ асын берді. Бірақ менің барғаным қарттар үйі емес, қарттарға арналған клуб тәрізді ұйым екен. Ресми атауы Eppson Center for Seniors деп аталады. Бұл жерге қаладағы қарттар келіп, спортпен айналысады, би үйренеді, бірігіп тауға шығады немесе әртүрлі курстарға жазылып, бос уақыттарын өзі тәрізді қарттармен бірге өткізеді. Сосын қала бойынша ең арзан түскі ас та осы жерде. Көбі 5 доллардың түскі асына келеді.

Eppson Center-дің жетекшісіне жолығып, волонтер болғым келетінін айттым. Басында ағылшыншамды сылтауратып қабылдамайтын болар деп ойладым. Әрі бұрын қарттарға сабақ беріп көрмегендіктен сәл қобалжу да болды. Памела деген келіншекке ойымдағы жоспарларымды, не себепті қарттарға әлеуметтік медианы үйреткен дұрыс деп санайтынымды түсіндірген соң, ол бірден келісті. Тіпті менің курсыма өзі және күйеуі де қатысса бола ма деп сұрады.

Қаңтар бойы курсымның бағдарламасын, сауалнамасын құрастырып, Памелаға жібердім. Ол өздерінің ай сайынғы журналдарына менің курсым, өзім туралы анықтама беріп, журналдың ең соңғы бетіне сауалнамамды жариялапты. Мына жерден журналды көріп, жүктеп алуға болады.

Уайоминг штатының Ларами қаласындағы 11-арна тұтасымен қала жаңалықтарын айтып отырады. Сол арнадан да менің курсым туралы арнайы ақпарат тараған екен. Сөйтіп, курсыма қызығушылар көп болды.

Алғашқы күні Барбара есімді сексеннен асқан апа келді. Қолында екі ридері бар. Интернетке қалай қостыратынын білмейді екен. Сөйтіп, бірінші күні Барбараға kindle мен nook-ына уай-фай қондыруды көрсеттім.

Одан кейін Техастан бір апа хат жазды. “Қазір Техастамын. Жазда келгенде қатыссам бола ма?” деп. Сосын алпыстан асқан Бил есімді бұрынғы моряк келді. Жұмысқа тұрайын десе, күллі жерде уорд пен ексел сұрайды екен. Содан екі апта бойы оған екселді түсіндірдім. Қазір жұмысқа орналасты. Денвер қаласында жұмыс алдындағы тренингінде жүр.

Енді апта сайын 82 жастағы Карол мен 70-тен асқан Боб келіп жүр. Карол құрбыларына интернет арқылы хат жазып үйренгісі келеді, ал Боб қартайған шағында мемуар жазбақ ойы бар. Бұрын геолог болып жұмыс істеген. Триполиде, Дубайда мұнай кеніштерінің орнын табуға жәрдемдесіпті.

Студенттерім қарт болса да, бала сияқты. Көңілдің адамы. Сәл нәрсені көңілдеріне алып қалады. Әрқайсының ішінде зілдей жалғыздықтары бар. Сосын көп адамға айта бермейтін миллион түрлі ауруларымен алысып жүреді. Мысалы, Каролдың иығындағы сүйектері жасанды екенін соңғы сабақта білдім. Оған пернетақта мен тінтуірді жақын жерге қоямын. Қолын қатты созуға болмайды. Боптың құлағы онша естімейді. Сол жағына отырып, айғайлап түсіндіруге тура келеді.

Америка қарттары жастары келіп, о дүниені ойлайтын шығар дейтінмін. Қателесіппін. Менің қарт студенттерім әлі де еңбектенсек, үйренсек деп талпынады. Ақыл-есі түзу, аяқ-қолы сау болса, ешкімге салмақ салғанды қаламайды. “Өзім дегенде өгіз қара күшім бар” дегенді ұстанады. Күн сайын гимнастикасын жасап, процедурныйларына барады. Одан қалды Қазақстан туралы мәліметтерді іздейді. Өткен сабақта Боб: “Қазақстан деген бұрын КСРО құрамында болған ел екен ғой. Сендерде орысша да сөйлейді екен ғой. Өткенде Британика энциклопедиясын қарап едім” деп жымияды.

Әдетте курсқа тіркемес бұрын, студенттер сауалнама толтырып, ол жерге не себепті әлеуметтік медианы білгісі келетінін жазатын. 86 жастағы Вера есімді бір студент: “Жалғыздықтан шаршадым” деп жазғанын көргенде жүрегім шым етті. Америкада “Қарттарым аман-сау жүріңдерші” деп ешкім айтпайтын сияқты…

Студенттерімнің бірі Germaine St. John 1980 жылы Ларами қаласының әкімі болған екен. Әлгінде Интернеттен мақала тауып, содан біліп отырмын. Джермейннің сабақтан қалмай белсенді қатысатын. Араларында ең үздігі болып, блог та бастаған.

13 thoughts on “Америка қарттарына компьютер үйретіп жүрмін

  1. АРБ! Жақсы тірлік екен:) Осы жазбаңыз көпшілікке қолжетімді болса, нұр үстіне нұр болар еді

    • Малайзияда да осындай “сауапты” істермен айналысу туралы ойланып көрмедіңіз бе?

    • Рахмет, Gau! Аллаһ тағала сізге де екі дүние бақытына жетелер істермен айналысуды нәсіп етсін!

  2. Асхат, азаматсың! Мына жазбаңды оқып риза болып отырмын. Қай жерде жүрсең де біліміңмен бөлісіп, көмегіңді аямай жүрсің. Тек қана жақсылық тілеймін. Алматыға жаңа ғана келгенмін, содан уордпреске кірсем ашылып тұр, пікір жазып саған тілектес екенімізді айтып қойғым келіп отырғаны

    • Көп рахмет, Бақытгүл! Тілектес жандардың көптігі қуантады. Тренингтерің сәтті өтті деген ойдамын.

  3. Ағай, керемет жазба және өте сауапты іс! Ісіңіз алға өрлесін, білгеніңізбен бөлісуден шаршамайтын адам екендігіңізге қанықпыз ғой🙂
    Қазақстанда вордпресс ашылыпты, алақай! Қайтадан жауып тастамаса болар еді.

  4. Алла разы болсын сізге, Асхат ағай! Жазбаңызды оқып, марқайып қалдым. Осындай қажырлы еңбегіңізбен еліңізді қуантып жүре беріңіз🙂
    ПыСы. Мен түгелімен казжурға көштім, қонақ болып тұрсаңызшы🙂

    • Қазжур блогыңдағы жазбаларыңның бірін қалдырмай оқып жүрмін, Ботагөз🙂 Пікіріңе рахмет!

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s