Зейнетақы қорындағы ақшамыз не болып жатыр?


Зығырданым қайнап, зейнетақы қорымның сайтына шағымданып едім. Бір сағат өтпей қызметкері хабарласып, “Жарты жылдың көлемінде түзетеміз. Өтінішіңіз орынды т.с.с.” деп жуып-шайып жатыр. Сонда да өзімнің қазақша мәлімет алу құқымды даулауды қоймайтын түрім бар. Сұмдық қой… Менің ай сайынғы жалақымның 10 %  алып отыр және ол туралы жөні түзу мәлімет те бермейді.

Бұрындары Зейнетақы қорына аударылып жатқан ақшама мән бермейтінмін. “Пайғамбар жасқа дейін не боларын, Құдай біледі. Сол он пайызы садақа болсын” деп бұл тақырыпты жауып қойғанмын.

Өткен сенбіде студенттерімді “Республика” зейнетақы қорына апардым. Экономикалық тақырыптағы арнайы тренинг өткізуде ойластырып жүр едім. Әріптесім Зарина себепші болып, “Қазақстандағы Зейнетақы қоры” тақырыбында арнайы білім алдық. Күннің сенбі екеніне қарамастан, қордың басшысының орынбасары да, Астана бөлімшесінің маманы да, арнайы менеджері де келіп, тәптіштеп ақшамыздың қайда, қалай кетіп жатқанын түсінікті тілмен баяндап берді.

Сонымен, егер сіз ай сайын жалақыңызды 10% қай қорға аударып жүргенін білмесеңіз…

1. Қорыңыз сіздің ақшаңызды қаншалықты табысты игеріп жатқанын тексеріңіз. Мына сілтемедегі құжатты ашып, соңғы бағанына назар аудару арқылы екінші кварталды қорыңыз қандай есеппен аяқтағанын, ақшаны еселеу үшін қандай тәуекелге барып отырғанын көре аласыз. Қанша дегенмен сол қорлар (еліміздегі Зейнетақы қорларның тізімі), басқарушы компаниясы сіз бен біздің ақшамыздың есебінен өз ісін дөңгелетіп отыр ғой. Сондықтан өз тиынымызды санап жүргеннің еш сөкеттігі жоқ.

2. Зейнетке шыққанда көбірек ақша аламын десеңіз, еңбегіңіздің зейнетін көремін десеңіз, қорды дұрыс таңдаңыз әрі жылына екі рет қордан қорға ауысуға болатынын біліңіз. Мүмкін болса, қордың күллі жаңалықтарына жазылып қоя салыңыз. Кейбірінің сайтында тіркеу формасы бар.

3. Қордағы ақшаны бүгін пайдалана алмайтынымыз рас. Бірақ сол ақшаны қазір сіз таңдау жасаған компания өз білгенінше игеріп жатқанын ұмытпаңыз. Ол сіздің маңдай термен тапқан ақшаңыз ғой. Сондықтан ертең ол компания банкрот болып, зейнетке шыққанда аз ғана зейнетақы алсаңыз (базалық зейнетақы сақталады) ол өз немқұрайдылығыңыз болмақ. Сосын Зейнетақы қорына ақша аударылып жатқаны көп ретте жұмыс істеп жүргеніңіздің дәлелі болатындықтан бухгалтеріңіз ай сайын ақша аударылып тұрғанына сенімді болыңыз.

4. Зейнетақы қорындағы ақшаның есеп-қисабын қадағалау арқылы аз-маз болса да экономикалық сауаттылығымыз ашылып қалады екен. Жұмыс істейтін әрбір адам қазір инвестор болып, ай сайын айлығымыздың он пайызын Зейнетақы қорына аудару арқылы экономикамызға инвестиция құйып отырмыз. Бір қызығы, кейбір қорлар ақшаңыз қайда инвестицияланып жатқанын айтпайды. Сонысы қызық болды. Мен өз ақшамның бір бөлігінің арақ-шарап, ойынхана бизнесіне инвестицияланғанын қаламас едім.

5. Біздің есебімізден бизнес жасап отырғандар салымшыларын құрметтесін десеңіз, онда оны талап ете білейік. Қорымның сайтына кіріп, қазақша бір ауыз сөз таппаған соң, пікір қалдыру бөліміне әрі байланыс бөліміне барлық ой-пікірімді жазып кеттім. Бір сағат көлемінде кешірім сұрап, Әлихан есімді азамат хабарласты. Бірақ баяғы жартас, сол жартас.  Қаржы құрылымдары тұтынушыларына қазақ тілінде лайықты қызмет көрсетпейді. Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің сайтында арыз-шағымдар статистикасы да жүргізіледі екен. Сондықтан тамшы тас тесетінін ұмытпайық. Мүмкін болса, ерінбей сайттарын ашып, ой-пікірлеріңізді жазып кетулеріңізді сұраймын (әрі кетсе, 2 мин уақыт алады).

пысы. Зейнетақы қорындағы ақшаңыздың болашағы жайлы ойланып көрдіңіз бе? Әлде босқа сандырақтап жүрміз бе?

3 thoughts on “Зейнетақы қорындағы ақшамыз не болып жатыр?

  1. Асхаттың тірлігіне қарап, “осы мен құр жер басып жүрген жоқпын ба?” деп ойланып қалам. Пайдалы ақпарат екен. Рахмет!

  2. елге қажетті шынайы да керекті осындай істермен айналысқаның үшін саған көп ракымет.қазақ тілінде осындай күнделікті өмірге тұрмысқа қажетті маліметтер кеңінен берілсе тілімізде тірілер еді…

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s