Қызым менің… (Мұсылман қыздарына өсиет)


Шейх Әли ат-Тантауи (1908-1999)

smiling in a hijab

Суреттің авторы Wrote via Flickr

Қызым менің, міне, мен де елу жас белесіне таяп келем. Арман-қиялға толы жастық шағым артта қалды. Мен өз дәуірімде талай елдерді араладым, көптеген адамдармен таныс болдым, осылайша дүниені өз тәжірибеммен таныдым. Ендеше менің егде жасым мен өмірлік тәжірибемнен шертілер шыншыл да жүректен шыққан сөздерімді тыңдағын, саған мұндай өсиетті менен өзге ешкім де айтқан емес.

Біз адамдарды жүректеріндегі имандарын көтеріп, жаман әдеттерін тастауға, және де нәпсі-қалауларын құрсауда ұстауға шақырып, көп жазғанымыз сондай, тіпті қолдағы қаламымыз мұқалып, тіліміз күрмелетіндей дәрежеге жеттік. Нәтижесінде біз көз-деген мақсатымызға қол жеткізе алмадық есесіне жаман қылықтар кең етек жайып, тіпті қауіпті сипат ала бастады, қыз-келіншектердің үстерін-дегі жамылғыларын (хижабын) шешіп, он екі мүшесін ашып көрсету секілді ерсі құбылыс әдеттегі жағдайға айналып, бір елден екінші елге тез тарап, қоғамда басым сипатқа ие болды.

Менің байқауымша, бүгінгі таңда бұл әдетті бойына жұқтырмаған бірде-бір ислам мемлекеті қалмаған сияқты. Тіпті денені толық жабатын ұзын жамылғы дәстүрлі түрде қолданылып, ар-ұятқа, тыйым салынған жерлерін тиянақты жауып жүруге мән беретін аш-Шамда да (Сирия, Иордания, Палестина және Ливан аймақтары) әйелдер жұрттың көзіне қолдарын және омырауларының үстіңгі жағын жаппай, жамылғысыз күйде шыға беретін болған.

Осылайша, біз имансыздықпен күресте жеңіске жетпей, жеңіліске ұшырадық.

Әлбетте, күнәһарлыққа бірінші қадамды ер адам жасайтыны жасырын емес. Өйткені, әйел адамдар еркектерге қарағанда бұл жолға бірінші болып түсе бермейді. Алайда, еркектің тілеп тұрғанына сенің ықыластылығың болмаса, ол сенен мұны талап етіп тұрып алмасы анық. Сен ашылсаң ғана, еркек кіруге дайын тұрады. Сөйтіп, ол сені тонап болғанда ғана: «Көмектесіңдер! О, адамдар, мені тонап кетті!» деп жан дауысың шыға айғайлайсың.

Егер сен, ер адамдар – қасқырлар да, ал өзің – қозы екеніңді сезіне алсаң, онда қойдың жыртқыш аңнан қашқаны секілді, сен де еркектің тойымсыз нәпсісінен қашар едің. Ер адамдардың ұры екендігін білсең, тонаушылардан сақтанған саудагер секілді сен де сақтанар едің.

Қасқырға қойдың еті ғана керек болса, ер адамдар сенің одан да қымбат нәрсеңді тонағысы келеді. Бұл сен үшін қойдың өлімінен де ауыр жағдай. Еркек сенің пәктігіңді білдіретін, ең асыл да қымбат тазалығыңды кірлеткісі келеді.

Опасыз еркектің кесірінен пәктігінен айырылған қыз баланың өмірі қасқыр жарып кеткен қойдың өлімінен гөрі жүз есе жаман күйге түседі. Алланың атымен ант етейін, бұл рас! Әдемі қызды көрген кез келген жігіт оны ойша шешіндіріп, сосын өзін де жалаңаш күйде көз алдына елестетеді.

Алла тағаланың атымен тағы да ант ете отырып, саған айтарым, қызым, сенің тек мінез-құлқың мен тәрбиелігіңді ғана ұнатам дейтін, сенімен дос ретінде ғана араласып, жақын тұтамын деп айтатын кейбір ер адамдардың жылы сөздеріне ешуақытта сенбеуіңді жалбарынып сұраймын. Мұның бәрі – өтірік, Алланың атымен ант етейін!

Қыз бала қанша жерден білімді, дәулетті, белгілі әрі беделді болса да, оның өмірдегі ең үлкен үміті әрі бақыты – ол отбасын құру, және оның ең басты арманы – үлгілі әйел, құрметті ана және отбасының сүйеніші болу. Дүниедегі барлық әйел затының, тіпті патшайымдар мен ханшайымдардың да, көптеген жас қыздарды адасушылыққа салып жүрген Голливудтың аса танымал әртістерінің де бар арманы осыған келіп саяды.

Бүкіл аш-Шам аумағындағы әрбір үйде тұрмыс құрар жасқа келіп, алайда өзіне лайықты ер адамын таба алмай отырған қыздар бар. Өйткені, жас жігіттер үйленер шаққа жетсе де, заңды әйелден гөрі, уақыт өткізер ашынасымен бірге бола тұруды құп көреді. Мұндай жағдай тек аш-Шамға ғана емес, әлемнің өзге де елдеріне қатысты…

***

Мен көзді-ашып жұмғандай бір сәттік қарқынмен бүгінгі күннің барлық қыз-келіншектерін біздің даңқты өткен заманымыздағы етек-жеңін жаба білген нағыз тақуа аналарымыздай етіп шығарыңдар деп тұрғаным жоқ. Ол мүмкін бе тәйірі?! Бір сілтей салумен қалыптасып, қатып қалған дәстүрді өзгерте қою қиын. Қазіргі жаман қылықтарға қалайша біртіндеп, адымдап жеткен болсақ, ертеңгі жақсылыққа да тәй-тәй басқан сәбидей, ақырын жүріп жетпекпіз. Иә, кеше сендердің етектерің уақыт өткен сайын жайлап қысқара берді, үстеріңдегі жамылғы-орамалдарың біртін-деп сұйылып, денелеріңді жаппайтындай дәрежеге жеткен еді. Бұл үрдістің толыққанды жүзеге асуы үшін заманнан-заман өтті, ал ер адамдар мұны байқаған да жоқ. Бұған жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай көбейген порнографиялық журналдар әсер етсе керек, ал имансыздар жағдайдың дәл осылай өзгергеніне тек масайраумен болды. Нәтижесінде, біз исламмен де, христиандықпен де мүлдем сәйкеспейтін кереғар өмір салтына түсіп кеттік. Бізге дейінгі отқа табынушылар да мұндай жағдайға өз дәрежелерінде тосқауыл қоя білген еді.

Тіпті бір тауықты бір-бірінен қызғанып, соны қорғамақ болып екі қораздың айқасқа түсетінін бәріміз білеміз. Ал біз ше? Александрия мен Бейруттың жағалауларында еркек-мұсылмандар өз әйелдерінің тек бет-жүзі, қолдары, мойыны ғана емес… тіпті барлық жерін де өзге еркектерден қызғанбайтын дәрежеге жетті! Ол әйелдер бүгінде тек кеудесінің ұштарын және төменгі жағын ғана жауып жүретін болды, басқасының бәрі айқара ашық…

Жас жігіттердің бәрі бірдей менің бұл сөздеріме құлақ аса қояды деген ойдан аулақпын. Өйткені, мен олардың құмар істері мен көңіл көтерер ермектеріне тыйым салып жатырмын ғой. Олар, бәлкім, бұл пікірлерімді «ақымақтық» деп білер.

Сондықтан, менің қыздарым, сөзімді сендерге арнаймын. Тақуа да иманды қызым менің! Ары таза әрі адал жанды қыздарым менің! Жоғарыда сөз болған қандай жағдайда болсын, құрбандыққа айналатын – тек сендер. Өздеріңді шайтанға бағышталған құрбандық дәрежесіне түсірмеңдер. Бостандық, өркениеттілік, еркіндік деген секілді жалаң ұранмен өмірлеріңді гүл-гүл жайнатам дегендердің сөздеріне еш құлақ салмаңдар. Дәл сондай ұранды көтеріп шығатындардың көпшілігі не әйелсіз, не ұрпақсыз жүрген бейбақ та бетпақ сорлылар. Оларға керегі – екеуара бір сәттік лаззат қана. Басқа дәнеңе емес. Мен қыз өсірген әкемін, сондықтан туған қызыма не тілесем, дәл соны сендерге де тілеймін.

***

Саған айтар аманатым да, өсиетім де осы, қызым менің! Хақ жолдың шындығы осындай, сондықтан өзге мағынада сөйлегендердің сөзін тыңдама. Ақиқат есігінің кілті ер адамдардың емес, өзіңнің қолыңда екендігі есіңде болсын. Егер өзің қалап, түзелер болсаң, тақуа мұсылманға айналасың, ал сенің тақуалығың арқылы бүкіл үмбет Алланың жолына бет бұрады.

Сендерге Алланың мейірімі мен рақымы жаусын!

Толық нұсқасы www.muftyat.kz сайтында

Advertisements

2 thoughts on “Қызым менің… (Мұсылман қыздарына өсиет)

  1. ***Қыз бала қанша жерден білімді, дәулетті, белгілі әрі беделді болса да, оның өмірдегі ең үлкен үміті әрі бақыты – ол отбасын құру, және оның ең басты арманы – үлгілі әйел, құрметті ана және отбасының сүйеніші болу.

    Қосыламын.

  2. Бәрі осы өмірде бақытты болғысы келеді. Бәрі де белгілі бір шаблонмен өмір сүрсе де оның соңында керемет болашақ, ертегідей әлем күтіп тұр деу дұрыс емес. Өмірде небір жағдайлар болады. Ата-анасынан айрылған қыздар, не сүрініп, адасқан қыздар, далада қалған қыздар… айта берсе өте көп жағдай. Артына көз жүгіртіп қараса, қай жерде мүлт кетті, қай жерде адасты, тұманнан шыққандай болып қалуы да әбден мүмкін. Сол себепті, осы өмірде көп нәрсеге түсіністікпен қараған жөн. Өйткені, еркек болған соң, ондайды сезіну сіздер үшін мүмкін емес нәрсе, алайда өз қарынастарыңыз бар, кейін қыздарыңыз да болады, сондықтан елдің қызын сынаған әрекет, өз туғандарыңызға келмеуіне кім кепіл?
    Әлбетте әр қыз отбасын құруғысы келеді, өзіне лайықты ер азаматты жолықтырғысы келед. Бірақ мұндай мүмкіндік әрбірінде пайда бола бермейді. Ешкім махаббатсыз, жанына жылу сыйлай алмайтын еркекпен бас қосқысы келмейді. Сол себептен де білім қуып, не карьера жасауға мәжбүр. Оған да түсіністікпен қарау керек.
    Еркектер ешуақытта әйел жанын түсіне алмайды, түсінсе де бәрібір әйел сияқты емес. Рахмет!

Пікір үстеу

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s