Өзіме арналған кеңестер


Әрине, егер өзің үшін де пайдалы деп тапсаң, қолдануға болады. Оқиға неден басталды дейсің ғой?

Достарымызбен кафеде әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Телефон шыр ете қалды. Ішіп алған біреу: “Сен кімсің?” деп мазамды ала бастады. Оның кім екенін мен де танымайды екенмін. Тек, тілі бұратылып тұрған соң барып, мас екенін білдім. Әңгімесінен ұққаным мынау болды.

Осыдан бірнеше апта бұрын бір журналистке сұхбат бергенім бар. Ол журналист екеуміз сұхбатты қай уақытта, қай жерде алатынымызды алдын ала келісу үшін SMS хабар алмасқанбыз. Әлгі масаң жігіт сол журналист қыздың жігіті болып шықты. Қызының телефонынан шамасы менің SMS хаттарымды оқып, қызғанған болуы керек.

Бұл оқиға осы жазбаны жазуға түрткі болды. “Публичный адамға” айналудың қауіпті екенін ұқтым. Ақыры өз-өзіме ереже немесе кодекс жасап алғаным дұрыс деп шештім. Бұл кеңестерді бірнеше жыл бойы блог жүргізудің нәтижесінде өзіме құрып отырмын. Сонымен мынадай тоқтамға келдім.

1. Құдайдан қорық. Блогыңдағы жазбаларыңда ғайбаттан, өсектен, өтіріктен, біреуге жала жабудан аулақ бол. Әрбір сөз үшін жауап беретініңді ұмытпа. Әрі сауап жинауа болатынын да қаперіңде ұста.

2. 100% жалаңаштанба. Блогта өзіңнің жеке өмірің жайлы бүге-шегесіне дейін ақтарып жазба. Ең жақын таныстарыңның суреттерін рұқсатсыз жариялама. Жеке өміріңді айтуға болатын, болмайтын жайттарды өзің үшін белгілеп ал.

3. Түсінсің десең, түсінікті жаз. Көпірме сөзге беріліп, яки өзіңнің әдемі сөйлем құрай алатыныңды дәлелдеу үшін уақытыңды сарп етпе.

4. Назар аударсын десең, қысқа жаз. Ұзақ жазбаны көргеннен-ақ “мынаның бәрін оқуым керек пе?” деген сұрақ туындайды. Сондықтан қысқа жазуды әдетке айналдыр.

5. Пікірлерден қорықсаң, құлақтандыру іліп қой. Мәселен, “пікір қалдыратын болсаң, бейәдеп сөз қолданба. Тақырыпқа қатысты пікір айт немесе өзге оқырмандардың пікірін сыйла” деген тәрізді.

6. Жұрттың ойын емес, өз ойыңды жаз. Оқырман блогымнан менің ойымды, көзқарысымды білгісі келеді. Сондықтан бір жерден көшіріліп басылған дүние болса да, оған қатысты блог иесінің ойы оқырман үшін қызықты.

7. Көшірсең, сілтемесін көрсет. Тіпті болмаса, ұнаған жазба болса, несімен ұнағанын (ұнамаса, несімен ұнамағанын) айтып өткен де жөн. Бастысы, ұрлық бір күні ашылатынын біл. URL сілтемені енгізуге кеткен уақыт өзін ақтайды.

8. Бірінші пункті ұмыта көрме!

Пы.Сы. Бұл кеңестерді “Мінбер” тренингінде жаңадан блог ашқандарға да ұсынсам деп едім. Әйткенмен іркіп қалдым. Себебі әрбір адам блогты әртүрлі мақсатпен ашады. Сонымен қатар жақсы блог пен жаман блог деген ұғым болмайды. Әркімге өзінің ойы ыстық. Сондықтан кеңестерді баршаға емес, өзіме арнадым деп атағанды жөн көрдім.

11 thoughts on “Өзіме арналған кеңестер

  1. Сонда мас еркек телефон шалып “Көкеңді танытам” деп тізеңді дірілдетпейінше Құдайыңды ұмытып жүр ме едің? Немесе, осындай тоқтамға келу үшін “Публичный адам” екеніңді айтып мақтану шарт па?
    Атауын дұрыс қойғансың. Себебі, қатып қалған ештеңе жоқ, кейде біреуден қорыққанымнан кіші дәретімді әзер ұстап отырсам да “тәуекел!” деп жазатын кездерім болады.
    Ал қосарым:

    9. Жазбам қызық болсын десең, әсерлі болсын десең, әдеби тәсілдерді қолдануды дағдыға айналдыр. Халыққа жақын жалпақ тілді де қолдана біл.

    10. Интерактивті бол. Блоггерлермен аралас. Яғни, әр блогқа спаммер сияқты өлі пікір жазып, “Жақсы сайт екен!”, “Өте дұрыс бастама!”, “Сізді қосып қойдым!”, “Керемет мақала, қаламыңыз мұқалмасын!!”,”Блогыңызға табыс тілеймін” деп жазып, жоқ болып кету емес. Мақаланы толық оқығаныңды білдір. Адамдар ақымақ емес, және өлі пікірді алыстан сезеді.

  2. Таныстарыңның суретін рұқсатсыз жариялама дегенге қосыламын. Біреулер бар, интернетке сурет жариялауға құмар, басқаларына бұл мүлде қажет емес нәрсе болуы мүмкін.

  3. Осы ережеден кейін “Менің атым – Өрімтал” деген кино түсіру ғана қалған сияқты…

  4. Ережесіз, бекітілген заңсыз, өзіңді тежеусіз еркін жатып, терең демалып өмір кешкенге не жетсін…
    Пах шіркін!!!
    Жаңа ғана бассейннен келгем… Не айтсам екен Өреке??!
    Мақалаңыз жақсы екен, рұқсат болса аз маз бірдеңе қоссам…
    …мас соқса бағытын екі бұттың арасына направление беріп жіберіп отыру керек, өзіңді тағы бір рет бостандықтағы еркек кіндік екендігіңді сездіреді…
    әрине сен масты мас екен деп адастырмай бағытын көрсетіп жатқан сауапты ісіңді ешкім елемей, көптің көзқарасы бойынша жабайылық және мәдениетсіздік дер біреулер… Сонда да болса мұны нақты жасалған ұлтқа тән қадам деп есептейтіндер санаулы ғана…. Оның ұлтқа қатысы жоқ дейтіндер де табылар…
    Ұлтқа қатысы болмаса ол қыздың жігіті, қыздың жеке бас өміріне неге араласады, оның телефонында не шаруасы бар, ондай оқиғаны тек қана қазағымның қыздары ғана жасауы мүмкін деген тұжырымдарды да шексіз айта беруге болады…
    Бірақ сол мас соқпағанда бұл мақала жарыққа келмеген болар ма еді бәлкім….
    Өреке, қоғам осы күйінде тұрса жазатын тақырыптар көп болады әлі сізге, бізге… ал қоғамның алдымыздағы бес жүз жылдықта өзгеру жоспарында жоқ, сондықтан артымыздағы ұрпаққа бірдеңе қалдыру үшін тасбақалардың арқасына да қол тигенде бірдеңелер жазып қойыңыз…

  5. Асеке, бұл жазбаларыңыз ЖТБ-ның (жүйкелік-тілдік бағдарламалау) пресуппозицияларына ұқсайды екен. “Сәтсіздік болмауды, тек қана кері байланыс бар”. Қателік жіберу өмірді нақты танудың жолы.

  6. Көпшілік алдында, барынша, өзің жайлы ақпарат бермеген дұрыс.

    “3. Түсінсің десең, түсінікті жаз.” дегеніңізбен келіспеске болмас. Байқағаным, ондай блогты оқудың өзі қызықсыз болады екен кей адамдар үшін. Өйткені, берер ақпараты жоқ, бірақ көпірме сөздері көп, тым қатты әсерлеп кеткен болады.

  7. Нұрғисаның ассоциативтік ойлау қабілеті бәрімізден бір қарыс жоғары. Көлденең келген ұйқас пен тігінен келген тіркесті мүлт жібермеу әркімнің қолынан келе бермейді. Көркем жазу көптеген блоггерлерге берілмеген қасиет.

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s