Бішкекте қалған ойлар


… Бішкектегі «После похмелья» (Басжазар) кафесіндегі даяшы қыздың не себепті бізден: «Сіздер түріксіздер ме?» деп сұрағанына әлі таңмын. Әуеліде барлық тағамға тапсырысты қазақ тілінде бердім. Ас мәзірі әрине орысша еді. Ол болса, миғынынан күлді. Одан соң Қуаныш өзбекше «гәпірді». Қара көзді қыз көзін бағжаң еткізді. Нұргелді шыдамады білем. Орысша сөйледі.

Біз оған «Қазақпыз. Қазақстаннан келдік» деп едік. Қырғыз қыз: «Қазақтар біз тәрізді қара болушы еді ғой» деп қалды.

***

Қонақ үйде Қуаныш қырғыздар жасаған қолөнер бұйымдарын қызықтап қарап еді. Бағасын да сұрады. Қонақ үйдегі қырғыз келіншек: «Ескерткішке зат алғыларың келсе, «Ош» базарына барыңдар», – деп кеңес берді. «ЦУМ-да да қымбат», – деді. Мен шын айтқанына іштей қуанып қалдым. Қуанышқа «Ош» базарына төте жетудің жолын түсіндіріп жатыр. «Адасып кетсең, базардағы орыстардан жөн сұра. Олар дұрыс айтады», – деп аяқтады сөзінің соңын.

***

Бішкекке түс ауа жеттік. Қонақ үйге орналасқан соң, жақын жерден халал, әрі арзандау асхана, кафе іздеп, көшеге шықтық. Горкий көшесінен бір көше бұрылып, Толстой көшесіне түсіп кеттік. Жұмысшылардың жұмыс іздеп отыратын көшесі ме деп қалдым. Жолдың екі жағын жағалай, жігіттер отыр екен. Ақыры бір кафеге көзіміз түсті. Төрдегі Мекке көзіме оттай басылған соң, дәу де болса, халал асхана болар деп бас сұқтық. «Қызмет көрсетіп жүрген апай біздің «Халал ма деген сұрағымызға» сәл ренжіп: «О не дегендерің? Әрине?!» деп жауап қатты. Сұрағанымыз үшін біздер ыңғайсызданып қалдық. Арғы ас ішер бөлмеге кіргенде темекі иісі қолқамды қапты. Бұл кафеге көбіне жұмыскерлер келіп тамақтанатыны, стол үстіндегі күлсалғыштан, орындықтардың әр жерде шашылып жатқанынан-ақ көрініп тұр еді. Мен лағман, Қуаныш мантыға тапсырыс берді. Жалпы алғанда екеуміз 100 сомдай ғана (350 теңге) ақша төледік. Бір қызығы тамақ ішіп отырғанда кіре берістегі теледидардан әлгі апай бар, қасында тағы бір жігіт ағасы, даяшы қыз бар Ресейдің әлдебір каналынан беріліп жатқан «Дом-2» тәрізді бір жобаны қызыға қарап отырды. Анайы да, тұрпайы сөздерді естіп отырып, «Бұл кафе қаншалықты халал болды екен?» деген сауал санамнан кетпей қойды…

***

Келесіде екі күн бұрын ғана ашылған кафеде тамақтандық. Көрші столда отырғандар арақ пен сыра ішіп отырды. Ерекегі бар, әйелі бар қатты даурығып сөйлеген соң, барлық сөздері бізге ап-анық естілді. Және қайта қайта «Қазақстан» деген сөздер еріксіз назарымды аудартты. Сөйтсем бір әйел Қордай бекетінде әлдебір туысының қанша ақша алатынын, күллі ақша Қазақстанда екенін айтып жатыр екен. Қырғыз блогшысының содан бұрын ғана: «Алматы айлығыммен, Бішкек бағасымен өмір сүрсе» деген сөзінің астарын сол кезде түсіндім.

***

Жұма намазда Имамам қажылық туралы уағыз айтты. Кісі көп жиналды. Жастары мен үлкендері аралас. Біз Қырғыз университеті жанындағы Орталық мешітте болдық. Жұма намаздан соң, әзірбайжандық Равшан аға: «Имам хұтба оқыған жоқ. Хұтбасыз жұма намаз болушы ма еді? Бұл жерде басқаша екен? Неге?» деген сұрақтардың астына алды. Мен ол кісіге бұл жайында мешіт сыртында әңгімелесуді ұсындым. Шынымды айтсам, имамның хұтба оқыған, оқымағынан назар да аудармаппын. Кейін Равшан аға бұл мәселені көтермеді. Мен оған тек қана «Қызыл коммунизмнен соң, біз көзімізді енді-енді тырнап ашып жатырмыз. Құранды әлі де дұрыс түсініп, түсіндіру жетпей жатыр» деген пікірімді айттым.

***

8 thoughts on “Бішкекте қалған ойлар

  1. Көңілге кірбің тусіретін нәрселерді көп көріпсіз! Өкініші-ақ!
    Біз мұсылмандықтан әлде қайда алыстап кеткен сияқтымыз!

    • Жыл соңы ғой деп, блогымды тазалап отырғанмын. Жиырмадан аса жазбам “draft” (қаз. Қаралай жазу) бөлімінде тұр екен. Соларды жариялап едім.

  2. Ойларыңыз Бішкекте қалмапты ғой Асеке!!!
    Жақсы ойлар екен Рахмет.

    Әлгі Халал деп сізге тамағын берген келіншек кейін өзі жауап береді ғой…

    «Қазақтар біз тәрізді қара болушы еді ғой» деп қалды.
    Сізбен бетпе-бет жүздеспегеннің салдары болар, суретіңізде қара сияқтысыз ғой.

    • Рахмет. Өзімді қараторы санаушы едім😉 Блогыңыз тым тәуір. Тек пікір қалдыратын жер таппай қалдым. Жақсы бір істі қолға алып жатыр екенсіз. Ұзағынан сүйіндірсін!

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s