8-желтоқсан – Құрбан айттың алғашқы күні


ҰЛЫҚ ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!

Бас мүфтидің Құрбан айтпен құттықтауы

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесіҚұрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді жаһанның барша мұсылмандары асыға күтті. Өйткені, ол Аллаһ разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта Жаратушы Иемізден тілек тілейді.

Құрбандық шалудың мәнісін ұғыну үшін, ең алдымен, құлшылықтың не үшін жасалатынын білген абзал. Кеңбайтақ ғаламды жаратқан құдіретті Иеміз жер бетіндегі саналы пенделерін тектентекке жаратпаған. Олардың әділетті қоғам құрып, саналы да, салауатты өмір сүруі үшін Аллаһ тағала тура жол көрсетуге хақ дін жіберген. Мұны қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят),– деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түпкі мәніЖасаған Иенің әміріне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиісінше сауапқа кенелу.

Құрбандық шалу мал бауыздаумен шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалылығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі.

Мұсылман жеке басының ғана қамын күйттемеуі тиіс. «Өзім ішіп-жесем, тоқ болсам басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, олай күн көрсін» дейтін өзімшіл тоғышар түсінік оған жат. Өйткені: «Көршісі аш кезде өзі тоқайып түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады»,– деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Айт намазынан кейін құрбандыққа мал шалу – шамасы келетіндер үшін уәжіп. Аллаһ тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 3-аят),– деп бұйыруы – құрбан шалудың міндеттілігін білдіреді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»; «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»,– деуі де бұған дәлел.

Хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасқан жол дегенді меңзейді.

Мұнымен қатар, құрбандық шалуға байланысты мына екі аятқа да терең ой жүгіртелік: «Барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Аллаһтан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малды белгілі бір күндерде Аллаһтың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» («Хаж» сүресі, 27-28-аяттар).

Құрбан шалуға жағдайы келмейтін бауырларымызға да жеңілдік бар. Ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Абдуллаһ ибн Амр ибну-л-Астың (р.а.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Аллаһ тұтас үммет үшін мереке етті», – деді.

Осы кезде бір кісі: – Уа, Аллаһтың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан құрбандық шалуыма бола ма?» – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.):

– Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртың-ды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Аллаһ есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең, – деді.

Айт күні ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін кем-бағалдарға таратады.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырып, мерекемен құттықтайды. Ол күні мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысуы керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені абзал. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бару, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қолұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру – сауапты амалдарға жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасына, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап жатса, нұр үстіне нұр. Бұл мерекеде осындай сауабы мол амалдар – адамдардың бір-біріне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттыра түсері хақ.

Құрметті отандастар! Баршаңызға Аллаһ тағаладан зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, ынтымақ, елімізге гүлдену, дінімізге қуат тілеймін.

Қасиетті айт мерекесі мүбарак болсын!

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

мен Орта Азия мүфтилер Кеңесінің

төрағасы, Бас мүфти.

 

 

5 thoughts on “8-желтоқсан – Құрбан айттың алғашқы күні

  1. құтты болсын құрбан айт!
    3 күн демаламыз дегендей естіп қалдым біреу-міреулерден

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s