Күрең күзгі көңіл күй


Суық. Жаңбыр моншақтары жетім талдың дір дір қаққан жапырақтарына қоныпты. Бөтен үйдің терезесінен шыққан жарыққа шағылысып жарқ жұрқ етеді. Қара асфальт оған қосыла жылтырайды. Мені шошытқан Сайын көшесіндемін. Үшінші курста бізөкше киген бикештердің арам көздерінен қашып, бүркене жасқана зулап өте шыққанмын. «Парен» деп біреуі қаратпақ еді сол кезде бірі мені. Қылмыңдаған қыз. Дауысы жаныма сұраусыз кіріп, нәпсімді қытықтап кетті. Шайтан қыздардың тобырынан қаштым. Енді міне тас пен темір көтерген ауыр көліктер сол көшенің мылжа мылжасын шығарып жатыр. Университет бітіргелі екі жыл. Бірақ күзгі көңілсіздік есеймепті. Ағаштар жапырақтан түскенде есейген мұң, уайым қайта жаңарып, санада жаңғырады. Газ бен түтінге булыққан қала көшесіндегі суық ызғар жалғыздықпен қайтадан жолықтырады. Жарыса салынып жатқан үйлер мен арбаған, арбалған алматылықтардың құлқы тұншықтырып, бір жұтым ТАЗА ауаны іздейді. Қасиетті ай екеніне де қарамайды екен. Ауызашарда достарың күтіп отырғанын, ауылда сені сағынатын әжең мен әкең, ағаң мен жеңгең бар екенін санадын сырып тастайды. Миға біткен мың миллион жұлынның арасына кіріп алып, тұңғиыққа, қараңғылыққа қарай жетелегісі келеді. Берілмеу керек. Жеңілмеу керек. Аллаһ мықты мұсылмандарды жақсы көреді. Аллаһ мені жақсы көреді!

***

Блогты тапқалы бері мазасызбын. Блогқа бір сөйлем түспеген сайын жауапкершіліктің салмағы ауырлап, діңкені құртады. Ниетімнен айнып бара жатқанымды ап-анық сеземін. Өзім үшін емес, өзге үшін қызмет етіп кетемін. Блог көздеген нысанаға емес, өзге жалған бағытқа сүйреп бара жатқандай. Титімдей дүние қай қазақтың санасын өзгертіп, тұтастығымызға себепші болып отыр? Құмға сіңген судай жоқ. Кейде бекер бір әурешіліктің соңына түсіп, ақша мен уақытты ысырап етіп жатқандаймын.

«Әркім өз ісін дұрыс атқарсын» дейді алыстағы досым. Дұрыс айтады. Бірақ ол да маған ренжулі. Бастығым да маған өкпелі. Мониторға қарағанда өкпелеп тұрған мың-миллион қызыл көздерге жолығамын. Күйіп-пісіп, шовинистердің сөзіне бола асып-тасып «жынданып» кетемін. Блог мені кері тәрбиелеп жатыр. Ырқына көндіріп әкетеді екен. Мен оған жеңіл көзбен емес, ойлы көзбен қараймын деп жүргенде ойсыз болып бара жатқанымды аңғармаппын. Блогтың ауыздығын бос жібермеу керек екен. Бір сәтке де бос жібермеу керек. Блог менің досым емес дұшпаным.

Айтпақшы, Сен мені оқып отырсың ғой. Орайы келгенде кешірім сұрағым келеді. Кешір! Не үшін екенің өзің жақсы білесің.

P.S.

– Күйректікке жол бермеймін деп едің, Асхат. Тағы да бой алдырдың!

– Пендемін ғой.

Advertisements

Пікір үстеу

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s