Lowly Law (qaz)


Құйрығы болғанымен, жалы жоқ…
Жас келсе, іске! Aйтқаныңа көніп, айдағаныңа жүретін «құрықталған» жастарға ғана жол салынуда. Жалпы еліміздегі жастарды бөліп жаруды бізге биліктің өзі үйретті. Ауыл мен қалада өмір сүретіндерге еріксізден еріксіз қыр баласы мен дала баласы немесе Асан мен Үсеннің есімі танылды. Одан қалды грант пен ақылы топтың балалары деп бөліну басталды. Мемлекет алғашқылардың басынан сипап, маңдайынан өбеді. Білімді ақылы негізде алғандар мемлекет бекіткен жеңілдіктерден құр қалған. Саясатты екінші орынға қойып, бірінші кезекте экономикалық көрсеткіштерге басымдық берудің салдары осыған әкеп тіреді.

Бұның барлығы Қазақстан Республикасындағы Жастар саясаты заңында тайға таңба басқандай көрсетілген. Жастарды білімі мен біліктілігіне, жас ерекешелігіне бөліп, саясат жүргізудің салдары сәтті болып жатса, құп көрер едік. Бірақ дәл қазір мемлекеттің негізін құрайтын қазақ жастарының құқықтары ескерілмей жатыр. Ең біріншіден, «Қазақстан Республикасындағы Жастар Саясаты туралы» заң әуелі орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне тәржімаланғаны қазақ тілді жастардың құқы ескерілмегенін көрсетеді. Орыс ойлы азаматтар заңды Қазақстанның болашағы әрі негізгі әлеуетті күш саналатын қазақ жастары мүддесі тұрғысынан жазбаған. Мәселен, аталған заңның 6-бабының 8-тармағындағы: «бiлiм беру ұйымдарында мемлекеттiк бiлiм гранты бойынша оқитындар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде және тәртiппен ай сайынғы мемлекеттiк стипендия алуға;» сөйлемі тәртіпсіз студенттерді тәртіпке шақырып, стипендияның мөлшері бірнеше заңда көрсетілгендігін түсіндіреді. Стипендияның көлемі нақтылы қай заңға байланысты құбылатындығы және стипендия уақытылы төленбегендігі жайында ештеңе айтылмаған. Тіпті стипендия алты ай кешігіп төленсе де бұған жауапты кімнен талап ететіндігіңді де білмейсің.

Заңда 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтарын жастар деп танитындығы көрсетілген. Отызды орда бұзар жас санайтындар үшін мұндай шектеу қорлық іспеттес. Отыздағы жігіт ағасына жас еместігін бетіне басып айтып көріңіз… Заңға салып қарайтын болсақ, отызға келген азамат жоғары оқу орнын аяқтап, әскери борышын өтеп, жұмысын тауып, үйленіп, баспаналы болып үлгереді де «жастар» категориясынан шығады. Әйткенмен бүгінгі қалыптасқан экономикалық, әлеуметтік ахуал дәл осы тізбек бойынша өміріңді жүйелеуге мұрша берер емес. Он алты жасында мектеппен қоштасып, 22 жасында ЖОО бітіріп, бір жыл әскерде борышын өтеген соң, «жастар» қанша жыл жұмыс іздеп сандалады. Одан қалды баспана алу туралы қиялдаудың өзі мүмкін емес. Ол қашан үйленеді десеңізші… Яғни заңның негізі дұрыс болғанымен, бұл заң алда болар экономикалық-әлеуметтік өзгерістерді болжай алмаған. Заң өзінің өміршең еместігін, әлі де толықтыруды қажет ететіндігін көрсетіп отыр. Екіншіден, заңгердің емес орта деңгейлі оқырманның көзімен қарағанда, бұл заңда Ата заңның баптарын қайталау басым екені аңғарылады. Мәселен,
2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының мiндеттерi:
1) жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
2) жастарға көмек беру және әлеуметтік қызметтер көрсету;
3) жастардың әлеуметтiк маңызды бастамаларын iске асыру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жастар саясаты:
1) ерекше әлеуметтiк-демографиялық топ ретiнде жастардың мүдделері мен қажеттілiктерiн тану;
2) Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени құндылықтарының басымдылығы;
3) тән саулығын сақтау және нығайту;
4) адамгершілік және рухани даму;
5) қазақстандық патриотизмді қалыптастыру;
6) азаматтықты қалыптастыру;
7) жастардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыру;
8) жастардың проблемаларын шешудегi жүйелiлiк пен кешенділік;
9) мемлекеттiк жастар саясатын қалыптастыру мeн iскe acыруға жастардың тiкелей қатысуы принциптерiне негiзделедi.
Аталған сөйлемдердің барлығы дерлік Ата заңымызда дәл осы сөйлемдермен көрсетілмегенімен, негізгі баптарда айтылған. Және бұл жайтты 7-бапта:
«Қазақстан Республикасының жастары Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заң актілерінде көзделген барлық саяси құқықтарға және бостандықтарға ие болады» деген сөйлеммен қайталап көрсетеді.

Ендеше, бұл жайтты қайталай бергенше, заңда көрсетілген баптарды орындаудың тетіктерін көрсеткен жөн болар ма еді…
Мысалы, заңда екі жерде бірдей жастарға баспана берілу жөнінде былайшы көрсетілген: Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жас отбасыларына жоғары оқу орындары мен орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында оқу кезеңiнде бiлiм беру ұйымының жатақханасында бөлмелік үлгiдегi тұрғын үй-жай беру; (10-бап, 6-тармақ) Жастардың тұрғын үй проблемаларын шешу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.(8-бап, 3-тармақ). Жастардың үйлі болу болмауың, жатақханадан бөлме берілу берілмеуіне еш кепілдік жоқ және бұған ешкім жауап бермейді. Заңда жастардың банктерден жеңілдік негізде үй алуға мүмкіншілігі бар екенін айтылса немесе ЖОО-дағы үлгерім көрсеткіші жоғары студенттерге міндетті түрде жатақханадар орын беріледі деп айтылса жөн болар ма еді. Бірақ қазіргі маңдай алды ЖОО-ларда да жатахана тапшылығы қатты сезілетіні жасырын емес. Студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасай алмайтын болса, бұл заңның қажеті не деген сұрақ туады? Бұл сұрақтың жауабын «Мемлекеттiк жастар саясатын қаржымен қамтамасыз ету» атты 13-баптан табуға болады. Бекітіліп, қабылданған заңға сәйкес Республикалық және жергiлiктi бюджеттерде мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру үшiн жыл сайын қаражат көзделедi (2-тармақ) жәнеҚаржы қаражатының есептiк көлемi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы бағдарламаларды iске асыру үшiн қажеттi материалдық және қаржылық ресурстарды есепке ала отырып айқындалады. Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру шеңберiндегi iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс нысанында жүзеге асырылуы мүмкiн (3-тармақ). Мүмкіншілікке негізделген заң тармақтарында қаржының бюджеттен бөлінетіндігі анық айтылғанымен, нақтылы қандай соманың қалай жұмсалатындығы, кім арқылы бөлінетіндігі көрсетілмеген. Қазіргі таңда кез-келген әкімшіліктен Жастар саясатын жүзеге асуруға міндетті тұлғалар бар. Мемлекеттік жастар саясатына қатысты бағдарламаларды да іске асурышы бірден бір жандар осылар. Бірақ осы күнге дейін Жастар ісі комитеттерінің атаулы даталарда концерт ұйымдастырумен шектеледі. Жастардың рухани құндылықтарын арттыруға және материалдық жағдайын жақсартуға үлес қосқанын көрмедік. Жыл сайын бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалмай қалып қойып жатқанын естиміз. Сол игерілмей қалған қомақты қаржының ішінде жастар саясатын дамытуға бөлінген ақшаның қалып қоймасына кім кепіл? Ал бір ғана оқу жылының ішінде қаншама студент баспананың жоқтығынан оқудан шығып қалатындығы, вокзал мен базарда түні бойы қара жұмыс істеп жүргендігін ескеріп жүрген кім бар екен?
Әрине соңғы қабылданған «ҚР Жастар саясаты туралы» заңдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, жастар арасынан орта және жоғары кәсіптiк оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізiнде оқитындар үшін қалааралық темiр жол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде жеңiлдiкпен жүруге; (6-бап, 5-тармақ) деген сөйлем жақсы-ақ. Былтырғы Елбасы сайлауы жылынан бері қаржылай түрде орындалып келе жатқан осы заң көптеген студенттерге оңтайлы болды. Әйткенмен қысқы және жазғы кезде қалааралық темiр жол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қатынау үшін берілетін жолақы кешіктірілмей өз уақытында беріліп тұрса ғой дейсің.

P.S. Белгілі бір жастар ұйымдарының және Парламент мәжілісі депутаттарының ұйытқы болуымен қабылданған ҚР Жастар саясаты туралы заңның болғаны жақсы. Өкінішке орай, бұл жастарға арналған арнайы заңның да бар екенін хабарсыздар бар. Құқықтық мемлекет орнататын болсақ, әрі тұрақтылық пен бейбітшілікті қалайтын болсақ, жастардың өз заңдарын білу үшін жәрдемдескен жөн. Сонда ғана жастар мәселені заң негізінде шешіп үйренеді.
Асхат Еркімбай

Advertisements

Пікір үстеу

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s