Досыма хат


Ассалаумағалейкум, Әділ!

Сенің кез-келген пікірің мен үшін өте құнды. Уақыт тауып, жауап жазғаныңа рахмет. Мақаланы Саған жолдағанымда осындай сергектік танытады деп күтпеп едім. Көпшілігі аңғармаған жайтты жақсы байқапсың. Жөн болған екен! Өте қуаныштымын!!!

Әділ, өкінішке қарай бізде қазақ журналистикасы әлі дұрыс қалыптаспай жатыр. Ағылшын тілінде жазылған мақалалар мен біздегі мақалалардың және орыс тіліндегі Ресей мақалаларының арасындағы айырмашылықты аңғарып жүрген боларсың.

Жеке өз басым, журналистің мақала жазу барысында өзінің субъективті пікірін оқырманның санасына тура я болмаса жанама жолмен тықпалағанын қаламаймын. Журналист ­– белгілі бір мәселеге қатысты үкім шығарушы емес. Біздің қызмет шындығында қоғамда болып жатқан оқиғаларды, өзгерістерді, тенденцияларды оқырманға дұрыс, сол күйінде жеткізуге негізделеді. Мен саясаткердің, экономистің, демогрофтың т.б. атынан сөйлеп үкім шығара алмаймын, орын алған оқиғаны маман көзқарасы тұрғысынан бағалайтын білім жоқ. Уақыт өте келе қосымша білім алғанның өзінде сол салаға бар өмірін сарп еткендерден асып мәселені терең түсіне бермеспіз. Сондықтан тек солардың пікірін жеткізе аламын. Ал жеке көзқарастарды таныту үшін әдетте біз журналист бағаны немесе «Айтарым бар…» т.с.с. айдарларды пайдаланамыз.

Журналист әмбебаб болғанымен ол кәсіпқой-саясаткерден, білікті экономистен, энцеклопедиялық ілімі бар ғалымнан асырып ештеңе айта алмайды. Біздің дұрыс деп эмоцияға салынып айтқан пікірлерімізден кейін жалған болып, қоғамды кері бағытқа сүйреп кетуі де мүмкін. Сол себепті де мақала жазу барысында мүмкіндігінше өзімнің жеке пікірлерімді ашып жазбауға тырысамын. Алайда, жылдар бойы қалыптасқан үдеріс – қазақ оқырмандары эмоциялық реңкі бар мақалаларды оқығанды жөн көретінін көрсетіп отыр. Олар газет бетінен ақыл-кеңес іздейді. Дайын өнімді ойланбастан жұта салуға әзір. Газеттегі ақпаратты қорытып, өзіндік сараптама жасауға құлықсыз. Сондықтан да бізде көбінесе эмоциялық-экспрессивті реңкі басым сөздерге толы мақалалар жақсы бағаланып, ел аузында жүреді (Мен бұны «Америкадағы қазақ бүлдіршіндері» мақаласына қатысты емес, жалпы айтып отырмын).

Бұл пікірмен көпшілігі келіспейтінін түсінемін. Бірақ уақыт өте келе біздің журналистика сол стандарттар негізінде жұмыс істейтін болады деген үміттемін. Шелекте орын алған оқиғаны қоғамда таратуда журналистің әсіре қызыл алып-қашпа әңгімелерді қолданғаны белгілі болды емес пе? Зәбір көрген қазақ жігітігінің құлағы кесілмепті. Әрине ұлтаралық конфликт бұл оқиғада орын алды. Бірақ «Свобода слова» газетіндегі сол мақаланы оқығанда менің ызамды, ашуымды келтірген сол детальдар болатын (құлағын кесіп, үстіне сарқып кетті деген). Журналистер қазақ оқырмандардың психологиясын өз мақсат-мүдделері үшін пайдаланып жатыр.

«Америкадағы қазақ бүлдіршіндері». Бұл мақаланы АҚШ сапары әсерінен айықпай тұрып жазған едім. Шет елде Отаныңнан жырақта жүргенде ел ішіндегі оқиғаларға сырт көзбен қарау мүмкіндігіне ие болады екенсің. Бұны Сен менен гөрі жақсы білетін шығарсың деп ойлаймын. Бұған дейін мен Қазақстанда бала сату мәселесіне қатысты қазақстандықтардың пікірін біліп келдім. Ұлттық мүдде тұрғысынан бағалап келдім. Ал сол баланы асырап алған кісілермен әңгімелескен соң, Америкадағы өмір сүру салтын сезінген соң, өз-өзіме бұл мәселеге сәл басқаша ойлауға мүмкіндік бердім. Адам тұрғсынынан қарауды үйрендім: неліктен бала көтере алмай жүрген алайда ана мейірімін жетім балаға бергісі келіп жүрген жандар бала асырап алса, қылмыскер атануы керек? Баланы шетелге сатқан біз ғой? Біз – айыптымыз. Сол себепті де мақалада өз ұлтымның кемшілігін, өзіміздің қорлығымызды, әлсіздігімізді көрсеткім келмеді. Себебі менің кемшілікті болдырмас үшін өз кемшілігімізді мойындауымыз керек дегенімді базбір оқырмандар дұрыс түсінбей, өз ұлтын жек көріп кетуі мүмкін еді. (Дәмді алманы жаман, дәмсіз, іші құрттаған деп айта берсе оны ешкім жемей қояды ғой). Өзімізді өзіміз жамандағаннан ештеңе ұтпаймыз. Ұлтшыл журналист болғысы келетін жан бұған ешқашан жол бермес деген ойдамын. Мақаланың астарында жатқан ойларымды, ниетімді Сенің дұрыс түсіне білгеніңе қуанып отырмын.

Егер, жоғарыда аты аталған мақаланы оқу барысында кейбір жәйттер түсініксіз болып көрінсе, оқиға аяқсыз қалғандай көрінсе бұл – журналистік қабілетімнің шыңдалмағандығымнан деп түсінерсің. Майталман журналист болуға көмектесіп, ой-пікіріңді білдіруден аянып қалмассын деген ойдамын. Жұмысыңа сәттілік тілеймін! Уақыт тауып пікірлескеніңе тағы да рахмет!

Құрметпен дұға қылушы бауырың Асхат

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Change )

Connecting to %s