РЕСЕЙДІҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ЭКСПАНСИЯСЫ


Қазақстан ақпараттық технология саласының дамуы жөнінен ТМД елдерінде алда келеді. Ресей мамандарының іс қағаздарын электронды түрде жүргізу бағдарламасын бірінші кезекте Қазақстан Үкіметіне ұсынуы – осыдан. Бір қызығы, отандық мамандар компьютер бағдарламаларын қазақыландыруды кешеуілдетіп жатқанда, ресейлік ІТ мамандар бағдарламаларын қазақ тіліне аударып қойыпты.

Халықаралық IDC-тің (Халықаралық мәлімет корпорациясы) зерттеулері бойынша, Қазақстан Орта Азия елдері ішінде компьютерді пайдаланушылардың саны жөнінен алда келеді. 2005 жылы ғана қазақтың ІТ (Ақпараттық технология) нарығы 36,1 пайыз өсті. 2000 жылдан бастап экономикалық өрлеумен бірге дамып келе жатқан ақпараттық технология саласына билік тарапынан да үлкен назар аударылған. Өз өнімдерін қазақтың электронды нарығына саудаға алып келген шетелдік мамандар жақын арада бұл саланың дамуында кедергілер болады деп ойламайды. Қазақстанның ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып электронды үкімет жобасын енгізуді қолға алуы да программалаушылардың үмітін үкілеп отыр. Кеңес Одағы тұсында компьютерлік бағдарлау жөнінен ірі-ірі жаңалықтар ашқан орыс программалаушыларын азуын айға білеген АҚШ бірден-бір бәсекелес деп танитын. Ресей Федерация атанғалы компьютердің құлағында ойнайтын орыс программалаушыларының жаңа буыны өсіп шықты. Ресейдегі ақпараттық технология нарығының кенже дамуынан ресейлік компаниялар алыс-жақын шетелге «жорыққа» шықты. Қазір орыс бағдарламалары әлемге кеңінен танымал.

Қазақстанда ақпараттық технология саласындағы бағдарламаларға электронды үкімет жобасын басым бағыт деп танитын билік қана емес, жекелеген қаржылық топтар: мұнай компаниялары, банк саласы үлкен қызығушылық танытуда. Себебі, қаржы секторындағы кәсіпкерлер мұхиттың арғы жағындағы әріптестерімен терезесі теңесуі үшін, жаңа заман менеджментіне бейімделуге мәжбүр. Бұл күнде ресейлік компьютер бағдарламалары лизинг саласында, ақпаратты жинақтап, сараптама жасауда, бухгалтериялық есеп-қисаптар және салық төлеу жүйесіне сәтті енгізілді. Ғарышқа «KazSat» серігін ұшырған Қазақстанда енді Интернетті пайдаланушылардың да легі артады деп күтілуде. Бұның барлығы – ақпараттандырудағы жаңашылдықтармен әрбір қазақ бетпе-бет кездеседі деген сөз. Осы орайда қазақ программалаушылардың алдын орап кеткен ресейліктер қазақ электронды нарығында өз экспансиясын бастап кетті деуге толық негіз бар.

«Біз Қазақстандағы электронды құжат айналымының әлеуетін мұқият зерттедік. Нәтижесінде, маңызды жобалар бастауға боларлық үлкен нарық кеңістігі бар екенін аңғардық», – деді ABBY Ресей компаниясының бас директоры Григорий ЛИПИЧ біздің басылымға берген арнайы сұхбатында. Алматыда тұңғыш рет электронды құжат айналымы және ақпараттық басқаруға арналған Docflow 2007 деген атпен көрме-конференция өткізуге де аталған компания мұрындық болды. Көрмеде отандық ақпараттандыру саласындағы компаниялардың өнімдерінен гөрі, ресейлік өнімнің көп екендігі стендтердің көптігінен-ақ байқалды. Шетелдіктерге ұсынар төл өнімдеріміз аз болса, ІТ нарық тек қағаз жүзінде дамып жатқан болар деген ой қылаң береді.

«Біз осы жылдың соңына дейін ABBY PDF Transforms» бағдарламасын қазақ тіліне аударып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қоссақ па дейміз. Жалпы, болашақта бағдарламаларымыздың интерфейсін де қазақ тілінде жасауды жоспарлап қойдық. Өз өніміміздің жергілікті нарыққа мейлінше қолайлы болуын бірінші орынға қоямыз», – дейді «Летограф» ААҚ-ның сату бөлімінің басшысы Илья АЛАБУШЕВ, ABBY бағдарламасының білім беруде және мемлекеттік тілді дамыту саясатында алар орны ерекше болатынына баса мән беріп. Сол себепті аты аталған ресейлік компаниялар мемлекеттік органдардағы электронды құжат айналымында өз көмектерін ұсынуды ойластыруда.

Қазақстан Үкіметі қағазбастылықтан құтылып, халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы үшін электронды үкімет жобасын жүзеге асыруды қолға алған. Қазір Сингапур және Малайзия тәрізді ақпараттық технология саласында әлемде көш ілгері келе жатқан елдердің озық үлгілерін пайдалану көзделуде. Еліміздегі облыс, қала, аудан әкімдіктерінің барлығы өздерінің жеке веб-сайттарын ашуы – электронды үкіметтің тырнақалды туындылары. Бірақ бұл веб-сайттардың өздері толықтай мемлекеттік тілде мәлімет таратпайды. Жезқазған қаласы әкімдігінің сайтындағы (www.jezkazgan.kz) шовинистік мазмұнға толып кеткен форумын дұрыс жүргізе алмай, ақыры, жабылып тынғаны есімізде. ҚР қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі сайтының (www.afn.kz) мемлекеттік тілдегі бөлімінің не себепті жаңалықтармен, мәліметтермен толықтырылмағанын сұрағанымызда, сайтты басқарушылар: «Ашылғанымызға екі күн болды», – деп түсіндірген. Содан бері екі апта уақыт өтті. Еш өзгеріс жоқ. Отандық программалаушылар уақытты сылтау етіп, компьютерлік өнімдерді мемлекеттік тілдегі мәліметтермен байытуды кешеуілдетіп жүргенде, ресейлік әріптестері қазақ тілінде электронды экспансияларын бастап кетті.

Асхат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

«50 де 50»

Advertisements

One thought on “РЕСЕЙДІҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ЭКСПАНСИЯСЫ

  1. Таза қазақ тіліндегі бағдарламаларға қазақтың өзі дайын емес қазір. Мен Оффис пакетін Қазақ Тілі орталығының (!) маманына қазақшалап қойып бергенімде, бір күн болмай жатып, орысшасын қойып беріңізші кері дегені бар!!!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s