WHAT DOES KAZAKH TALANTS DOING IN NY?


НЬЮ-ЙОРКТЕ ҚАЗАҚ ДАРЫНДАРЫ НЕ ІСТЕП ЖҮР?

Қазақ халқының дарынды ұл қыздары тағдырдың бұйыруымен қазір шет шетте жүр. Солардың бірі – бұл күнде Нью-Йорк қаласында тұратын Әлия МӘЛКЕЕВА. Ол қазір Америкадағы өнер адамдарын мойындатқан айтулы пианист. Әлем астанасы атанған үлкен шаһарға жолым түсіп барғанымда онымен жолығысудың сәті түсті.

– Нью-Йоркке көшіп келуіңізге не себеп болды?

– Кеңес Одағы ыдырамған кезде Мәскеуде тұрып жатқанмын. Сол кездері экономикалық та, рухани құлдырау болды. Мүмкіндігі барлар жан-жаққа көшіп жатты. Мен де ұлымды ертіп, АҚШ-қа көшіп келдім. Өмір дәл осылай өзгереді деп кім ойлаған?! Бұл 1991 жылдың соңы еді. Жаңа мекенге көшіп келгенде қатты қиналдым. Себебі, ешкімді танымайсын. Жүзі жылы ешкім жоқ. Қазақстанның қандай ел екенін түсіндіру мүмкін емес еді. Бізді қытай, кәріс не жапон деп түсінетін. Менің ең үлкен мақсат баламның болашағы болғандықтан, оның мектептегі үлгеріміне, тәртібіне қатты көңіл бөлдім. Тек он жылға жуық уақыт өткен соң, яғни балам колледжге бара бастаған кезде барып, жаңа ортаға да бейімделіп қалғанымды сезіндім. Жан жағыма қарап, қазақтарды іздей бастадым. Екі-үшеуін танитынмын. Кейде бір-бірімізге қонаққа барып тұратынбыз. Сол басқосулар туған елге деген сағынышымызды одан сайын күшейтетін. Бұл кездері Қазақстан қуатты қарқынмен дамып келе жатыр дегенді жиі-жиі еститінмін. Содан өзім Нью-Йорктегі қазақ өкілдігін іздеп тауып: «Егер Сіздерге концерт ұйымдасыру жағынан көмек керек болатын болса, мен қолдан келген көмегімді аямаймын», – деп өз ниетімді білдірдім. Кейін Нью-Йоркте қазақ Мәдени орталығының қорын аштық.
– Қазақ мәдени орталығы немен айналысады?
– Америкада көптеген мемлекеттің өз Мәдени орталығы бар. Біздің Қазақстанның ғана Мәдени орталығы жоқ. Себебі Нью-Йоркте қазақтардың саны аз. Ал біз жүргізіп отырған орталық Cultural Center of Kazakhstan Incorporated деп аталады. Біз Нью-Йорк штатында осындай атпен ресми тіркелдік. Түсінетін шығарсыз, бұл – американдық ұйымы. Мен осыдан үш төрт жыл бұрын елшілікке барып, өзім ерікті болып көмектесуге шыққанымда жеке адамдардан өтініш көптеп түсті. Мында тұрғаныма он бес жылдай болғандықтан, кімге хабарласу қажеттігін жақсы білемін. Жұмыс бір жерден жүйелі түрде жүзеге асуы үшін осы Орталықты құрдық.

– Қазір бұл Орталықта қазақ тілін оқыту курстары өтіп жатыр деп естідім…

– Иә, иә… Өткен жылы біз бірінші семестірді аяқтадық. Биыл екінші семестрді бастап жатырмыз.

– Бұл орталықта қазақ тілін кімдер оқуда тек қазақстандықтар ғана ма, әлде қазақ тіліне қызығып жатқан американдықтар да бар ма?

– Өткен жылы Түркиядан Америкаға келген қазақ бауырларымыз өз балаларына арнап қазақ тілін үйрену курсын ашуды ұсынды. Біз қуана келісім бердік. Өзім кәсіби музыкант болғандықтан төмен баға бойынша домбырадан, фортепиана, гитара үйрететін курстар ұйымдастырдым. Ал, ең қызығы, курс ашылған күні бізге 3-5 жас арасындағы балаларын ертіп, бір топ американдықтар келді. Бұл американдықтар асырап алған қазақ балалары болатын. Жалпы АҚШ бойынша Қазақстаннан 2000-нан астам бала асырап алыныпты. Көпшілігі – қазақтың балалары. «Біз балаларымыздың өздерінің төл мәдениеттерін танып білуге мүмкіндіктері туғанына өте қуаныштымыз. Сізге үлкен рахмет», – деп олар кездескен сайын алғыстарын білдіріп жатады.

– Нью-Йоркте қанша қазақ отбасылары тұрады?

– Нью-Йорк шаһарында санаулы қазақ отбасылары бар. Жалпы, Наурыз тәрізді үлкен мейрамдарда немесе Қазақстаннан өнер адамдары келіп, концерт ұйымдастырғанда жүздеген америка қазақтарымен кездесіп, әңгімелесіп тұрамыз. Мәселен, өткен жылғы наурыз мейрамында 200-300-ге тарта адам жиналды.

– Сіз алғаш келген бетте, қазіргімен салыстырғанда, американдықтардың Қазақстан туралы көзқарастарында өзгеріс бар ма?

– Болғанда қандай! Білесіз бе, қазір біздің елді көпшілігі тани бастады. Мысалы, өнер адамдарының ортасында американдықтар біздің әншілерімізге үлкен құрметпен қарайды. Себебі, американдықтардың өздері үшін арман саналатын «Корнеги Холл», «Линкольн Орталығы» тәрізді үлкен музыка орталықтарында қазақстандық әрістер өз өнерлерін көрсетіп тұрады. Әртүрлі Халықаралық фильм байқаулары, сән үлгілерінің көрмесі арқылы да танылып жатырмыз. Нью-Джерси штатында Сәуле Рахметова деген прима балеринамыз бар. Оны барлық американдықтар жақсы біледі десем артық айтқаным емес. Ең қызығы, айтулы америка әншілерінің өздері қазақ композиторларының репертуарларына ыстық ықылас таныта бастады. Мәселен, атақты виолончелист Иоиома қазақ композиторы Бақтияр Аманжоловтың сонатасын таңдап алды. Бұл, әрине керемет. Сіз сондай-ақ химия саласындағы ең үлкен Rose Award жүлдесін Нұршат Нұраджи есімді қазақ жігіті жеңіп алғанын естіген боларсыз. Негізгі бұл байқауға қатысу үшін химия саласынан екі жоба ұсыну керек болса, ол алты жобасын алып барған. Оның жасы бар болғаны отыз екіде ғана. Ешкім ештеңе дей алмапты. Тағы бір жас дәрігер, ғалым Қасым Қабылғазының да жасы енді ғана отыздан асты. Ол Охио университетінде жұмыс істейді. Рак мәселесін зерттеуде қол жеткізген тамаша табыстары үшін оны Құрметті оқытушылар қауымына мүшелікке қабылдапты, айтулы оқу орындары қолдан қолға түсірмей жас ғалымдардың алдында дәріс беруге шақыртып жатыр. Бұл – үлкен құрмет. Америкада дарынымен өзгелерді мойындатып жүрген осындай қазақтар жетерлік.

– Қазақтарды күлкіге айналдырып жүрген сайқымазақ Бораттың фильміне қатысты не айта аласыз?

– Біз осындағы қазақстандықтар бұл туралы ұзақ ойландық та, бұған мән бермейік деп шештік. Себебі ол – комик әртіс. Жұртты күлдіру жақсылы- жаманды оның жұмысы. Ол ешкімге соғыс ашып жатқан жоқ. Сондай-ақ оның дөрекі, жабайы әзілдерінің негізі де жоқ. Сондытан оған мән беріп, бас ауыртпай-ақ қойған жөн. Қазақстаның қандай екенін біз оның фильмінсіз-ақ таныстыруымыз керек деп шештік.

– Америкалық достарыңыз көп болар…

– Иә таяуда екі досым Астанаға барып келді. Олар Джаз музыканттары еді. Бейбітшілік және Келісім сарайының салтанатты ашылуына қатысты. Қазақстанға өзім әуежайдан шығарып салып, күтіп алған едім. Ұшақтан түскен бетте олар: «Сен өз еліңді мақтан тұту керексің», – дегенде қуанғаннан не дерімді де білмедім. Қазір: «Біз тағы да Қазақстанға барғымыз келеді», – деп телефоныма дамыл бермейді. Халықтың кейпейілділігі, өнерге деген құрметі барлығы да ұнапты. Бұндай жылы сөз есту соншалықты жақсы екен.

– Ұлыңыз қазір немене айналысып жүр?

– Ол Канадада тұрады. Жұмыс да сол жақта. Келін бала Қазақстаннан келген. Екеуі де компьютер саласында. Ол қазақ тілінен үш кітап аударды. Біреуі домбыра үйрену туралы болса, екеуі Қазақстан тарихына қатысты дүниелер.

– Өзіңіз қандай ортада өсіп едіңіз?

– Әкем Алханбек Мәлкеевтің есімі Есік қаласындағы мектеп және Алматы маңындағы Талғар, Ұзынағаш, Түрген т.б. алты қаладағы көшелерге берілген. Оның жазған өлеңін халық әлі күнге дейін ұмытпай айтып жүр. Әкем таудағы жайлауға алғашқылардың бірі болып жол салған кісі… Кейін сол жол арқылы газет-журнал тасымалданды, кино, көшпелі театр қатынады. Алыстағы ауылдарда, жайлауда мектептердің бой көтеруіне әкем салдырған сол жол себепші болды. Айтпақшы, Молводный ауылындағы алғашқы жүзімдіктер әкемнің ұйытқы болуымен отырғызылған еді. Бұл деректердің барлығы Алматыдағы Мемлекеттік мұрағатта сақтаулы. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста ең қиын Бірінші Прибалтика майданында соғысты. Әкемнің көзін көрген достары: «Ол ержүрек батыр еді және жау шебіне бірінші аттанатын» деп еске алады. Ешқашан шылым шеккен жоқ, араққа да әуестігі болмады. Фашистер тірідей көмген төрт офицердің ішінен ол жалғыз өзі аман қалды. Соғыстан қалған бір белгі – өкпесіндегі бомба шарықшағы еді. Әскери госпитальда емделіп шықты. Өмірінің соңына дейін сол бомба сынығымен жүрді. Бұл құпияны тек отбасында біздер ғана білдік. Өзінің жоғары лауазымына қарамастан (соңғы қызметі Алматы облысының бірінші хатшысы) ол шыншыл болатын.
Өмірінің соңғы күндерінде инженерлердің басын қосып, Есік қаласын селден қорғау жобасын жасауға кіріскен еді. Ол сол жазда дүниеден озды. Бастаған жұмысы аяқсыз қалды. Кейін үлкен сел орын алып, Есік қаласында көптеген адам жазым болғаны белгілі.
Әкеміз бізге өзінің жарқын есімін мұраға қалдырды. Біз отбасында алты бала болдық. Әкем өмірден озғанда мен алты жаста ғана едім.

– Әңгімеңізге көп рахмет.
Асхат ЕРКІМБАЙ, Алматы–Нью-Йорк – Алматы

«Қазақ әдебиеті» №8 (3012) 23 ақпан – 1 наурыз, 2007 жыл

2 thoughts on “WHAT DOES KAZAKH TALANTS DOING IN NY?

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s