БҰҰ-ның жаңа хатшысы Қазақстанды жақсы біледі


БҰҰ-дағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің елшісі Ержан ҚАЗЫХАНОВ


«Бүгін Техастан хат келді. Біз осы тектес хаттарды күнде аламыз. Мазмұнын жалпылап айтар болсам: «Қазақстан – біз үшін сыйлы ел. Қазақтардың қандай жақсы халық екенін жақсы білеміз. Сіздерден бұл есуасқа ренжімеулеріңізді сұраймыз деген сарында», – деді менімен әңгімесінде Нью-Йорктағы БҰҰ-ның Бас ғимаратындағы Қазақстаннның БҰҰ-дағы елшісі Ержан ҚАЗЫХАНОВ хатты көрсетіп. 1994 жылдан бері дипломатия саласында қызмет атқарып жүрген азаматтың көңіліндегі мұңды түсіну оңай еді. Себебі ұлттық намысты боратизмнен қорғау майданында осы азаматтар алғы шепте тұр.

Базбір елдерге әлі күнге дейін арман көрінетін БҰҰ мүшелігіне Қазақстан 1992 жылы енді. Көп кешікпей Нью Йорктегі 42 көше мен 1 авенью қиылысындағы Мемлекет туларының аллеясына Қазақ туы қосылды. Қалаға ат басын тіреген мыңдаған туристер осы тудың аясында суретке түсуге құмар екен. Себебі «бұл ту – бейбітшіліктің белгісі», – дейді американдықтар. 192 елдің басын біріктіретін ұйымда осы уақытқа дейін екі елші ауысты. БҰҰ-дағы қазақтың үшінші елшісі Ержан ҚАЗЫХАНҰЛЫ менің сұхбаттассақ деген тілегімді бірден қабыл алды. Бас хатшылықтың кофетериясындағы әдемі әңгімемізді елшінің өзі бастады.

– Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына он бес жыл болуы – біздің тәуелсіздігіміздің бір белгісі. Ұзақ жылдар бойы аталған ұйымға мүше болу көптеген елдер үшін үлкен арман болатын. Қазір әлемде осы арманына қол жеткізе алмай жүрген елдер де бар. Қазақстан БҰҰ-да барлық мәселелер бойынша өз пікірін айтатын мемлекеттер қатарына кіреді. Сондықтан да Қазақ елін БҰҰ-да үлкен держава ретінде сыйлайды. Жалпы Ассамблеяда 154 тақырыпта мәселе қаралатын болса, бұның барлығы, әрине, Қазақстан үшін маңызды емес. Бірақ халықаралық қауіпсіздік, әлеуметтік даму, нашақорлықпен күрес, қатерлі індетті ауыздықтау мәселелеріне қатысты өз пікірімізді ұдайы білдіріп отырамыз, – деді ол сағатына бір қарап.

Елшінің соңғы сөйлемге не себепті баса мән бергенін түсіну қиын емес. Себебі БҰҰ ішкі жұмысы біздер үшін көп ретте жабық, ел мүддесіне сай келе бермейтін тәрізді көрінеді. Оның үстіне БҰҰ беделінің төмендеп кеткендігін, Қауіпісздік Кеңесінің қарарын Израиль мен АҚШ тәрізді елдер елемейтінін қосыңыз. Сондықтан «БҰҰ мүшелікке ену қазаққа не берді?» деген сауалыма жауабы мынау болды:

– Сұрағыңыз орынды. Қазақ тәуелсіздігін алған соң, аяғына енді-енді тұрып келе жатқан кезде БҰҰ бізге техникалық, эксперттік және қаржылай үлкен көмек көрсетті. Мәселен, кедейшілікпен күрес, қосымша жұмыс орындарын ашуда, Семей ядролық сынақ салдарын жоюда көрсеткен көмектері ұшан теңіз. ЮНИСЕФ Арал маңындағы балалар мәселесін әлемдік деңгейде көтеріп, балалардың денсаулығын жақсартуға жәрдемдесті. Егер БҰҰ-ға мүше болмасақ мұндай көмекті кім берер еді? Қазіргі кезде көршілес елдердің саяси-әлеуметтік ахуалы құбылып тұрғанын жақсы білесіз. Ол елде тұрақтылықтың орнауы біздің ел үшін аса маңызды. Сондықтан БҰҰ аймақтағы ұйымдар арқылы көлік байланысын, сауда байланысын күшейтіп, экономикалық ахуалдарын көтеруді ойластырудамыз. 60 миллионнан астам адам тұратын Азия елдерінің әлеуетін көтергіміз келеді. БҰҰ Дамыту бағдарламаларына басымдық береді. Алайда қай саланы бірінші кезекте дамыту керек: адам құқын ба, әлемдегі бейбітшілікті ме, әлде әлеуметтік экономикалық дамуды ма? Осы мәселелер жөнінде қазір үлкен пікір алмасулар жүріп жатыр.

– БҰҰ жаңа хатшының тағайындалуы он жылдан бері орын алған үлкен оқиға екені даусыз. Экс-хатшы Кофи Аннан жұмысына қандай баға бересіз?

– Иә, Кофи Аннан басшылығының дәуірі өткен жылдың 31 желтоқсан күні аяқталды. Жетінші хатшы осы ұйымға он жыл жетекші болды. Он жылдың ішінде БҰҰ Бас хатшылығының жұмысына көптеген өзгерістер енгізді. Мыңжылдық дамыту бағдарламасы тәрізді жаңа жобалар ұсынды. Атқарған қызметінің сәтті де, сәтсіз де тұстары бар. Егер таразы басына істелген жақсылық пен жіберілген кемшілікті қойып өлшер болсақ, әлемдегі бейбітшіліктің орнауы үшін атқарған жақсылықтарының салмағы анағұрлұм басымырақ деп ойлаймын. Әрине, Кофи Аннан жұмысында күйреулер де орын алды. Соңғы жылдар ішінде БҰҰ қаржысын талан-таражға салуға байланысты, бітімгерлік әскерінде орын алған бейәдеп қылықтарға, оның кәсібилігіне қатысты көп сын айтылды. Қайткен күнде де ол қиыншылықтарға қарамастан кемені алға қарай сүйреп жүрігізуге тырысты. Менің ойымша, бұл оның қолынан келген тәрізді. Ол кемені қиратып алмай, өз бағытынан жаңылдырмай жаңа хатшыға табыстады. Бұл тұрғыда жаңадан тағайындалған Бас хатшы – Кореяның бұрынғы сыртқы істер министрі Пон Ги Мунге оңай соқпасы анық. Себебі ол ешқашан БҰҰ хатшылығы саласында жұмыс істемеген. Бұған дейінгі хатшылардың дені мансап жолын БҰҰ департаменттерінің бірінен бастаған. Мәселен, Кофи Аннан БҰҰ саласында 35 жыл қызмет атқарды. Ал Пон Ги Мун – сырттың адамы. Сондықтан қазір «БҰҰ басшылығы дарынды дипломант болуы керек пе, әлде майталман менеджер болуы керек пе?» деген тақырыпта пікірталастар жүруде. Менің ойымша, хатшының жұмысы оңай емес. Себебі ол өз алдына бірнеше мамандықтың қызметтерін үйлестіруі керек. Әлем елдерінің басты елшісі болу деген сөздің салмағы қандай?! Биылғы жылы бұл тақ Азия құрлығына берілді.

– Егер Қазақстан Орта Азиядағы ең беделді ойыншы екенін ескерсек, Пан Ги Мунның БҰҰ Хатшылығына тағайындалуы бізге қалай әсер етпек?

– Қазақстан – сөз жоқ, Орта Азиядағы маңызды ойыншы. Қазақстан әу бастан-ақ осы азиялық үміткерді қолдайтынын білдірген болатын. Есептесек, Азия өкілі БҰҰ хатшылығына соңғы рет осыдан 35-40 жыл бұрын сайланыпты. Қазақстан әрқашан да Азиядағы ынтымақтастық мәселесін көтеріп келеді. Азия елдерінің өзара түсіністік мәселесін қалыптастыру, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) бастамашы болуы – осының айғағы. Пон Ги Мун мамыр айындағы АӨСШК-нің шарасында Кореяның мүшелікке өтуіне өзі қол қойды. Бас хатшының бұған дейін Қазақстандағы кездесулерге қатысуы Қазақстанды жақсы білетіндігін білдіреді.

– Қазіргі Орта Азия аймағындағы негізгі мәселелерді шешуде Қазақстанның пәрмені қандай?

– Қазақстанның Орта Азияда көшбасшы атануын әлемдегі елдер мойындап отыр. Бірақ әлгіндегі айтып өткен, көрші елдердегі саяси тұрақсыздық бізге белгілі бір деңгейде кедергі келтіруде. Қазір Ауғанстандағы жағдай біз үшін өзекті болып отыр. Бұл ел бізге өте таяу тұр. Ауғанстанда тұрақтылық орнамайынша, Орта Азияның ұйқысы тыныш болмас.

– Белгілі ағылшын саяхатшысы Хелфорд Макиндер: «Кім де кім Орта Азияны басқарса, күллі Азияға ие болады. Ал кім де кім күллі Азияны басқарса, әлемді билейді» дегені бар еді. Бұл күндері ағылшын әртісінің қазба байлықтарына бай, Орта Азиядағы жетекші ел Қазақстанды күлкіге айналдырар фильм түсіріп, жарнама жасау пиғылы осыдан келіп туындамай ма?

– Мен әу бастан-ақ бұл фильмге қатысты мемлекет тарапынан ешқандай реакция жасамау қажеттігін айтқанмын. Өткен жылдың 3 қарашасындағы Борат фильмінің тұсаукесері өткеніне біраз уақыт өтті. Ел ішіндегі дүрлігіс толастар емес. Біз өз бетімізше, ісімізбен, жұмысымызбен Қазақстанның қандай екенін өзгелерге танытуымыз керек. Мені Бораттың қалжыңдарындағы екі жайт қынжылтады. Біріншісі, ол өз фильмінде біздің ұлттық рәміздерімізді пайдаланған, екіншіден, қалжындарында антисемитизмнің белгілері анық көрінеді. Менің ойымша, кері жарнама болмайды. Уақыт өте келе, қалжыңның мазмұны ұмытылып, елдің аты қалып қояды. Қазір Нью-Йорктағы дүкенге кіргенде саудагерлер «Қай елден келдіңіз?» деп сұрайды. «Қазақстаннанмын», – деймін. «А, Бораттың елінен бе?» – деп жымияды. Менің 14 жастағы қызым Әйгерім Америка мектебінде оқиды. «Әкетай, Бораттың фильміндегі оқиғалар шындық еместігін жұрттың бәрі жақсы біледі. Құдай үшін, бұл туралы көп ойлана берме», – деп ақыл айтады.

– БҰҰ-дағы Ұлт заттарының дүкенінде әлем халықтарының ұлттық болмысын сипаттайтын заттар сатылатынын көзбен көрдім. Тек қазақтың ұлттық бұйымдарын таба алмай қынжылғаным бар. Неліктен қазақ елін танытатын заттар бұл дүкенге түспеген?

– Нью-Йоркта қазақ қолөнерлерінің шеберханасы жоқ. Себебі салыстырмалы түрде алғанда бұл қалада қазақтардың саны аз. Ұлттық бұйымдарды жасап, бұл дүкенге саудаға шығаратын кәсіпкерлер әзір шықпады. Америкадағы Мәдени орталықтың жұмысы жанданғанда бұл мәселе өз өзінен шешілер деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет. Қазақ елінің беделін көтеруде атқарып жатқан істеріңізге сәттілік тілейміз.

P.S. БҰҰ-дағы әртүрлі департамент мамандарымен сөйлескенде, олар Қазақстанды бірінші кезекте ядролық қарудан бас тартып, бұл күнде Орта Азиядағы тұрақты дамып келе жатқан ел ретінде танитынын бірінші кезекте ауызға алады. Ал мен Қазақстандағы шетел қаржысы есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік емес ұйымдардың дені қазақ ұлтының мүддесіне қайшы әрекеттер ұйымдастырып жатқанын, қазақ тілі мен қазақ ұлтының мәселелерінде шешілмей жатқан көптеген мәселелер бар екенін айтқанымда олар: «Қазақстан көпұлтты ел тәрізді еді ғой», – деді өзіме қарсы сұрақ қойып…

Асхат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,

Нью-Йорк – Алматы

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s