Қазақ


Менімен бірге сырласып, мұңдасып, қуанып жүрген, оқырман!

Өкінішке қарай Сені жақыннан танымаймын. Алайда үнемі оқып, кей сәттерде пікір білдіріп тұратыныңа қуанамын. Сенің кез келген пікірің мен үшін құнды да, маңызды екенін жақсы білетін боларсың.

Блогым одан әрі, қызық та пайдалы болсын десең, Арсенал777-дың блогындағы сауалнамаға жауап беріп, қазақ блогосферасының дамуына үлесіңді қосуыңды сұраймын.

Өрімтал

Суретте: sitemeter диаграммасында осы блогтың оқырмандары

қай елден екені көрсетілген

 

(Соңы)

Қазиза апа он бір бала тәрбиелеп-өсірді. Тұңғышы Амантайдан соң, сегіз қыз дүниеге қатар келді. Соғыстан кейін дүниеге келген Күлкен қазір зейнеткерлік демалыста. Жеке шаруашылық қожалығы бар. Фермер. Қарағандыда Абай деген жерде бір қызы Гүлсім шипажайдың бастығы болып отыр. Одан кейінгі қызы Амантайдың жолын қуып, медучилищеде оқыпты. Алпысыншы жылы дүниеге келген баласы Бақыт бухгалтерлік оқуды бітірген. Қазір Абайда тұрады. Одан кейінгі қызы азпаздықтың оқуын бітірген. Ең кіші қызы Бибігүл Қарқаралының Көктасында пошта бастығы. Қазір апалы-сіңілі төрт қыз Көктаста тұрып жатыр. Бірі сауданың оқуын бітіріп, өз саудасын дөңгелетіп отырса, одан кейінгісі мектепте медбике. Механиктің оқуын бітірген ұлы Бауыржан Қарағандыда тұрады. «Кенже ұлға оқу не керек, Сабыржанға. Қара шаңырақтың иесі ғой», - деп үйде қалдырған көрінеді. Қазір сол ұлының қолында Теміртауда тұрып жатыр.


Қазиза апа айтады:

Біздің совхоз қазір Тоқтар Әубәкіров атындағы шаруашылық деп аталады. Тоқтар жетінші класқа дейін біздің ауылда оқыды. Кейін ол өз ауылына мектеп салдырды. Мен осы ауылда жетпіс бес жыл тұрдым. Екі мыңыншы жылы Теміртауға көшіп келдім. 1990-шы тоқырау жылдары малдың бәрін қайда жібергенін білмеймін. Көз алдымда құрылған колхоз-совхоз таралып кетті. Ақсақалым сексен екі жасында қайтыс болды. Соғыста бірнеше жерден жараланды. Мұғалім болды. Домбыра тартып, өлең айтатын. Серілеу адам болатын. Қырықтан асып, елуге таяғанша ит жүгіртіп, құс салды. …Қазір ауыл жылдан жылға өсіп жақсарды ғой. Фермер болып, жердің бәрін бөліп беріп, ауылдың тұрмысы түзелді. Ауылға барғым келіп тұрады.

Қазиза апа айтады:

Біздің үйге төрт-бес немісті әкелді. Онда біз баламыз. Бірімізден біріміз қорқып жаттық. Содан қазақтарды біріне-бірін кіргізіп, немістерді бөлек үйге шығарып, кейін үйренісіп кеттік. Немістермен туыстай болып кеттік қой. Балалары ауылға келіп тұрады. Неміс деген еңбекшіл халық қой. Өзіміз Глан деген неміспен көрші тұрдық. Туысқандай болып кеттік. Балаларымыз таңертеңнен кешке дейін соның үйінде ойнап жүре беретін.

Немістерден соң украин деген халық келді.

Сөйтіп жүргенде менің әкем 1944 жылы екі-үш ай төсек тартып, қайтыс болды. Әкем қайтыс болғанда немістердің бәрі: «Енді бізге Құдайбергендей бастық табылмайды» деп жылады. Соғыс біткен соң, ауылда не өзгерістер болып жатты… 1944 жылы ақсақалым – менің жарым – Төлеубай Қосылбекұлы педучилищені бітіріп, құжатын алды. Сол жылы тұрмысқа шықтым. Ол уақытта бүгінгідей дүркіретіп той өткізу қайда? Ағайын-туыс бес-алты үйге жиналады. Дөңгелек үстелге жағалай отырады да, кереуетке келінді босағадан аттатып, шымылдық құрып қояды. Молда неке қиды. Ептеген тілектер айтылып, сонымен той тәмәмдалды. Жар-жар айтатын заман ба еді?

1954 жылы жанымыздағы Қарасу, Төңкеріс деген колхоздар бірігіп, 22 Партсъезд деген совхоз болды. 1961 жылдары төрт-бес совхоз қайыра бірігіп, іріленген совхозға айналды.

Қазиза апа айтады:

Менің шалымның 12 жасында шешесі, 14 жасында әкесі өліп, Төкеш Қанаев деген нағашысында тәрбиеленді. 1939 жылы мен педучилищеде оқып жүргенде міндетті әскерге кетіп, 1941 жылы елге қайтамын деп жүргенде соғыс басталды.

Содан бірінші күнінен бастап соғысқа қатысты. Ауылдан майданға жеті-сегіз азамат кеткен. Солардан екеуі ғана қайтып оралды. Нағашымыз жаңа туған баласына жиенім аман келсін деп ырымдап Амангелді деп ат қойды. Көптің дұғасы қабыл болып, ақсақалым қайтып келді. Кейін біз өз тұңғышымызды Төкеш нағашым қайтып келер ме екен деп Амантай деп қойдық. Соғыс уақытында ел бейнетті көп көрді.

Оның үстіне соғыс басталған жылдың келесі жылы ауылымызға немістерді әкеп төңкерді.

Менің көз алдыма мына оқиға оралды:

Гланнан тағы да хат келді. «Апа, амансыз ба?» деп бастапты хатын. Күллі ауылды тайлы-тұяғына дейін сұрастырып, Германияға қонаққа шақырыпты. Хатпен бірге неміс ақшасын қоса салыпты. Осы немістер алғаш келгенде ғой қазақтар немістерден, немістер қазақтардан қорыққан. Әр үйге бір-екі немістен әкеп тықты емес пе? Бір ақсақал үйіне немістерді әкеп жатқызғанда жанына балтасын алып жатыпты.

Қазиза апа айтады:

Өңірімізде тұңғыш мектеп біздің ауылда ашылды. 1936 жылы мектепке Жұмагелді Ахметов деген тұңғыш мұғалім келді. Алғашқы сауатымызды сол кісіден аштық. Сол мектепте төрт класты бітіріп, Калинин ауылындағы жеті жылдық мектепте оқыдым. Сегізінші сыныпқа барған жылы соғыс басталды.

Менің көз алдыма мына оқиға оралды:

Аштық пен соғыс қазақтың жадынан көп жайтты өшірді. Қырық үйлі Қамбар да қызыл перделі шымылдықтың ар жағында қалды. Қараталдықтар қой мен сиырдың басын құрап, совхоз құрып жатқанда тұтқиылдан немістер шапты деген хабар жетті. Ер – азаматтың барлығы соғысқа аттанды. Он екі-үш жастағы бүлдіршіндер балалық армандарын тракторға айырбастап, шөп шапты. Мал шаруашылығымен айналысып, соғысқа лек-легімен ірімшік жөнелтіп жатты. Қазиза апа соғысты осылай қарсы алды.

P.S. Алғашқы неміс диаспоралары Сарыарқа төсіне қалай келгенін наурыз мейрамынан соң оқи аласың.Ұлыстың мерекесі құтты болсын. 

(Жалғасы. Басы)

Қазиза апа айтады:

ҚабірстанБір үйде бес бала болдық. Өзімнен кейін сіңілім бар. Одан кейін 1934 жылғы бір ұл болды. Ескендір. Содан кейінгі сіңілімнің бірі соғыс басталған жылы, ал кенже сіңілім соғыс аяқталған жылы туды. Жалғыз бауырымыз ерте қайтыс болды. Қазір біріміз Қарағандыда, екеуі совхозда, біреуі Алматыда, мен Теміртауда тұрып жатырмыз. Қараталда жетпіс бес жыл тұрдым. Әсіресе Сталиннің қазақтың көзі ашық азаматтарының басын шапқаны есімде қалды. Шындығында отыз жетінші жылы қазақтар өздерін өздері құртты ғой. Қарқаралыда қай үкмет келіп біздің ауылды сығалап тұрды?! Біріне бірін айдап салғандар көп болды ғой. Есімде мына бір оқиға қалыпты.

Менің көз алдыма мына оқиға оралды:

Дәу де болса, шаңдатып келе жатқан мына қара менің артымнан қуып келеді, – деді нағашы. Әу бастан не деп келе жатқанын түсінбеген қонақ бала атының басын тартты. Қараның жүзі сұп-сұр әй-шәйға қарамастан нағашының қолын қайырып, қонақ баламен бірге алып кетті. Кейін жұрт нағашы түнде қонақта отырғанда байқамай бір сөз айтып қалғанын, бір қазақтың кейін соны Қарқаралы милициясына ұстап бергенін сып-сып айтып жүрді. Нағашым сол кезде: «Әттең арманыма жете алмадым», – деп аһ ұрыпты. Біріншісі, қапыда кетіп бара жатырмын. Содан кейінгі арманым ертіп бара жатқан қонағымды үйге апарып қонақ ете алмадым деп өкініп кетіпті, жалған…

Қазиза педучилищеде оқып жүрген. Сабақтан соң жастар мұғалімін ортаға алып, жыр оқи бастады. Жастардың өлең-жырға деген махаббаты адастырды ма, ағай ескі халық әнін айтып берді. «Е, мына сорлы ертеңгі күнін біле алмай айтып отыр ғой», – деп қалды Қазизаның қасындағы бір жігіт. Айтқанындай болмады, ағайдың салған әні өзіне сор болып жабысты. Оқушылар әнші ағайды одан кейін еш көрмеді.

(жалғасы бар)

Үлкен кісілерден күнде сұхбат ала бермейсің. Олармен сұхбаттасқанды жақсы көремін. Әсіресе шежірешіл қарттарды. Қазиза апаның көргені мен көңілге түйгені көп. Мен кітаптан оқыған тарихты ол кісі басынан өткерген. Бәрін әп-әдемі айтып берді. Қазиза апа сұхбат алғаннан кейін ұзамай қайтыс болды. Марқұм апамыз газет бетінде жарық көрген бұл мақаламды оқыды ма, оқымады ма білмедім. Осыдан үш-төрт ай бұрын жазған едім. Негізі ата-әжелерімізден көп мұраны сақтап алып қалсақ жақсы болар еді.

Қарқаралыда Қырық үйлі Қамбар дейтін жер бар. Қаратал өзенінің жанында. Ертеректе Қамбар деген кісінің қырық үйі болғандықтан солай аталып кетіпті десе-ді. Бүгінде Қамбардың көзін көрген ешкім қалмады. Тек сексен үш жастағы Қазиза апаның ғана отбасында қырық үйлі Қамбар жайында әңгімелер айтылатыны еміс-еміс есінде. Ол кездері Қазиза тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз болатын.

Қазиза апа айтады: «Әкем биялайына бидай тығып, халыққа үлестірген»

–1924 жылы Қарқаралы етегіндегі Қаратал (кейін Тегісшілдік болды, одан соң Восток деген совхоздың құрамына кірді, қазір – Тоқтар Әубәкіров атындағы ауыл) деген ауылда тудым. Жанымызда Қаратал өзені ағып жататын. Маңайы талға толы болғандықтан, Қаратал деп аталыпты ол жер. Әкем Құдайберген Миллианұлы қойма бастығы, кейін алғашқы колхоз құрылғанда басқарма болды. Ол кездері біздің ауылды «қырық үйлі Қамбардың жері» деп атайтын. Уақыт өте келе колхоз бен совхоздар шығып, ауыл-ауылға бірігіп жатқанда, ол атау ұмытылып қалды. Колхоздың басы-қасында жүретін әкем өле-өлгенше: «Қарақтарым, жүректерің түзу болсын» дейтін. Бұл 1932 жылдар болатын. Халықтың көбі аш болды. Көз алдымызда аштан өліп жататын. Шешем марқұм: «Ел аш болып отырғанда бір үйдің тоқтығынан не пайда? Тамағың ас болып сіңбейді», – деп айтып отыратын. Ол кезде жеті-сегіз жастамын. Ештеңенін қадірін білмеймін.

Менің көз алдыма мына оқиға оралды:

Аштық жылдары ауылдағы жалғыз қойманың кілті Құдайбергеннің қалтасында жүретін. Қызыл көздер оны жіті бақылап, аттап басқан ізін аңдитыны да содан. Көрші-қолаңның аштан қырылып жатқанын көрген Құдеке ұзын саптама етігін киіп, кең қолғап биялайымен астыққа толы қойманы ұзақ аралайтын. Сол күні кеш бата етігінің ішіне сусып түскен бидайды бір үйге, қолғабының ішіне жиналып қалқан азғантай тарыны келесі үйге үлестіріп, ертеңіне елең-алаңнан қалдырып кеткен қолғабы мен етігіне қайыра баратын. Құдайбергеннің қайырымды қулығын Құдай ғана көрмесе, қызыл коммунизм байқамапты. Басқарма-Құдайбергеннің: «Шешемнің жаназасына қатыса алмай қаламын» деп партияға да мүше болмағанын сол кезде аштықтан іштері бұратылып жатқан кішкентай балалар өсе келе ғана білді.

(жалғасы бар)

qustumsyq_qyzyl3-custom.jpgСерік деген зергер досым бар. Күні бойы тықылдатып, бірнәрсе жасайды да жатады. Сөйтсем, ата-бабамыздың өшіп бара жатқан дәстүрін жаңғыртып, зергерлікті дамытып жүр екен. Осындай жастарды қолдап, әрі қарай біліктілігін шыңдауға жәрдемдесер жандар жоқтың қасы. Серік:

«Бізде зергерлік мектебі үзіліп қалды. Өзгенікі қазір озып барады. Өзіміздің зергерлік мектебімізді дамытпасақ, зергерлік өнердегі ұлттық ерекшілігімізден айырылып қаламыз»

1_6-custom.jpg (more…)

 

Желтоқсан-86

Жүрегіңізде ұлт үшін деген ұран, жай ұран емес, іспен дәлелденер ұран орнықты қонақтасын. Қазақ жасасын! Білімді, иманды жандардың заманы болғай!

Жаңа ғана қалта телефоныма Рахаттан келіп түскен құттықтау. Тіліп айтыпты!!!

Есенгүл Кәпқызы болса, қазақ блогшыларына жолдаған құттықтауында былай депті:

Ресми билік қанша елегісі келмесе де, бұл Қазақстанның төл мерекесі. Оның қасында бір ай бұрын тойлау басталып кеткен Жаңа жыл мейрамы біз үшін жат қой. Бәлкім күндердің күнінде Жаңа жылдан гөрі, Тәуелсіздікке көбірек мән беретін болармыз. Жаратқан, сол күнге жеткізуге жазсын. Оны бүгін көре алмасақ та, енді он жылдан кейін көретін болалық.

«img_1076-custom-2.jpgИнтернет қолданушылар арасындағы ең үздік Қазақстан блогы» атты байқаудың нәтижелері:

  1. «Ең үздік жеке блог» Adam Kesher «Свободный радикал» (орыс тілінде)
  2. «Ең үздік ұжымдық блог» «Neweurasia Kazakhstan» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде)
  3. «Қазақ тіліндегі ең үздік блог» «Huanyshs blog» (қазақ тілінде)
  4. «Ең танымал блог» «Блог поселка Актау» (қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде)

Жеңісің құтты болсын, Қуаныш! QB атынан Қуанышты (суретте) жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеймін! Алда енді “Мәссағанның” үздіктері бар.

Бір ерекшелігі бұл байқауда басында түгелдей орыс тілінде өткелі тұрған. Дер кезінде араласқандықтан, қазақ блогтары барлық аталымдарға өтініш білдіре алатын болды. Ұйымдастырушыларға: “Не себепті қазақ тіліндегі блогтар ең үздік блог аталымына қатыса алмайды? Қазақ блогтары тек қана “қазақ тіліндегі ең үздік блогқа” қатыса алады ма, әлде барлық аталымға қатыса ма?” деп сұраған соң ғана барып, өз қателіктерін мойындап кешірім сұраған болатын. Қазылар алқасы бүгін өздерінің шешімдерін түсіндіруі керек. Қалай десек те, аталған шаралардың барлығы блогты бұқараға кең көлемде насихаттауға бағытталғаны түсінікті. Мені бәрінен де Қуанышты енді қандай сыйлық күтіп тұрғаны қызықтырады ;)

Next Page »