Аяқсыз ойлар – 1
Блогқа жазбай кеттім. Бір есептен биліктің блогтарды бұғаттауына іштей наразы болсам да, бұл жайтқа көніп жүрген блогшылардың көптігін байқап мен де үндемедім. Бірақ бұлай ақталуым да орынсыз сияқты. “Мен істемегенде кім істейді?!” деген қағидамнан ауытқымауым керек-ті.
- Шетелде жүрген соң, елдегі жағдайға жүрегіміз екі есе елжірейді. Жақсы жаңалық болса, төрдегі туымызға қарап шүкір дейміз. Қорқынышты хабар келсе де сол. Қазақстаннан қит еткен жаңалық ертесіне-ақ шетелдік ақпарат көздеріне тарап, универдегі күллі таныстарым: “Бәрі тыныш па? Сендер ең қарқынды дамып келе жатқан ел тәрізді едіңдер ғой?” деп сұраулы жүзбен әңгімеге тартады. Амал жоқ. “Сыртқы имидж жасауда көп жетістікке жеткеніміз рас. Әр елдің өзінің ішкі мәселелері бар ғой” деп сылап-сипаған боламыз.
- Бүгін ғылыми жетекшім Кәмшат екеумізді қонаққа шақырды. Жапон кафесіне бардық. Бұйыртса, ақпан айында Алматыға жол тартпақ. Қазақстанды өз көзімен көріп, қорытынды шығарар деп ойлаймын. Ғылымның адамы болған соң, әрі шетелдің азаматына өзге елдің жетістігі ғана емес, кемшілігі де оп-оңай көрінеді. Отыз жыл бойы итті баласындай асырап жүрген профессорыма Алматыдағы 50 мың қаңғыбас иттің біреуі кездесіп, қауып алмаса екен деймін.
- Әлгінде Тотының жазбасын оқыдым. Жақсы шолу жасапты. Өз-өзіңе есеп беріп отырған дұрыс.
Аяқсыз қалып жатқан ойларым осы. Бұйыртса, жаза жатармын. Әйтпесе, ағылшынша сөйлеп жүріп, жазу дағдымнан айырылып қалатын түрім бар. Амандықта жүздесейік.










Қаңтар 21, 2012 at 17:04
Сізді жақсы түсінемін Асеке! Жаза түсіңіз ағасы. Уақытша нәрсе ғой барлығы:) Малайзияда wordpress ашылады екен:))))
Қаңтар 24, 2012 at 19:00
бізде де уордпрес ашылып тұр, Қарасақал мақтанба ))
Ақпан 14, 2012 at 13:33
Блогтар ашылып тұр. Тек kk.wp.com ашылмайды.