Таңертең ертерек тұрдым. Қостанайға ұшағым сағат 10.25-те ұшуы керек. Сағат 07.00-де интернетке отырып едім, әлгі жазбаны жаздым. Мәссағанды ақтардым, блогтарды бір сүзіп шықтым. Уақыт зу етіп өтіп кетіпті. Үйден асығып шыққанда сағат 08.50-ді көрсетіп тұрғаны есімде.

Таксимен әуежайға жетіп, екінші қабатқа жүгіріп жетсем, ұшақтың Қостанайға ұшып кеткеніне 20 минут болыпты. Маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете қалды.

Хайырлысы осы болар деп өз өзіме келдім. Бәлкім, бармағаным да дұрыс шығар деп бір сәтке мың-сан ойдың жетегінде кеттім. Қаншама рет маңызды кездесулерге кешігіп жеткенім есіме түсті тағысын тағы. Содан кассаға барып, билетімді ауыстырайын десем, кассир түскі 14.25-те тағы бір рейс бар екенін айтты. Тек оған орын жоқ екен. “Болып қалуы да мүмкін” деді. Содан не билетімді өткізе алмай, не күтерімді білмей абдырадым. Ақыры күтуге бел будым. Қасыма билет алып беруге жәрдемдескісі келген алыпсатарлардың келгені есімде. Уақыт таянғанда кассаға Қостанайға билет сұрап тағы бір жолаушы келді. “Здравствуйте, мне на похроны матери (орыс. Сәлеметсіз бе, анамның жаназасына баруым керек)” деді. Үстінде қара кәстүм шалбар. Қолында неге екенін екі-үш жас шыбық ұстап алыпты. Орын болса, бірінші кезекте осы кісіге берілетіні түсінікті еді. Үмітім үзілуге сәл қалды. Дегбірсіздене бастадым. Жолаушыларды тіркеу уақыты басталғанда, орын босап қалар ма деген дәмемен кассаны торуылдап жүрген біздерді байқаған билет бақылаушысы: “Неге өтпейсіңдер?” деп сұрады. Жағдайды айтып түсіндіріп едім. “Қанша бересің? Өзім ақ реттеп берейін. Паспортыңның арасына үш мың теңгені қыстырып маған өткіз” деді. Дегенін орындап, қасына келіп едім. «Заңды түрде өткізсең алты мың төлеу керек екенсің. Бес мың бер» деп қарап тұр. Мен заңды түрде ауыстырып алсам деген ниетімнің барын айттым. Көңілі түсіп кетті. «Онда алты мың теңге айыппұл төлейсің» деді. Ашулы.

- Студентпін. Бары осы үш мың, - деп күлбілтелей бастап едім, алған билетімді ашып қарап: “Елу мың теңгеге билет алып жүрмісің! Қой билетті өткіз де пойызбен бар!” - деді. Жаңағы үш мың теңгеге реттеп беремін деген ойынан не себепті айнып қалғанын сұрап едім, бес мың теңге деп тұрып алды. Ақыры ұшақтан бос орын табылып билетімнің айыппұлын төлеп, сол рейске үлгеріп міндім. Анасының жаназасына бара жатқан кісінің де құжат тіркеу бекетінен аман-есен өткенін көрдім.

Осы жазбаны қазір Қостанай қаласынан жазып отырмын. Ертең тренинг. Қонақ үйдің теледидарынан КВН көріп отырмын. “Астана.kz” өнер көрсетіп жатыр :) Сау басыма сақина тілеп алғаным-ай. Әуежайға ертерек баруды әдетке айналдыру керек екен.