Қазиза апа айтады:

Біздің үйге төрт-бес немісті әкелді. Онда біз баламыз. Бірімізден біріміз қорқып жаттық. Содан қазақтарды біріне-бірін кіргізіп, немістерді бөлек үйге шығарып, кейін үйренісіп кеттік. Немістермен туыстай болып кеттік қой. Балалары ауылға келіп тұрады. Неміс деген еңбекшіл халық қой. Өзіміз Глан деген неміспен көрші тұрдық. Туысқандай болып кеттік. Балаларымыз таңертеңнен кешке дейін соның үйінде ойнап жүре беретін.

Немістерден соң украин деген халық келді.

Сөйтіп жүргенде менің әкем 1944 жылы екі-үш ай төсек тартып, қайтыс болды. Әкем қайтыс болғанда немістердің бәрі: «Енді бізге Құдайбергендей бастық табылмайды» деп жылады. Соғыс біткен соң, ауылда не өзгерістер болып жатты… 1944 жылы ақсақалым – менің жарым – Төлеубай Қосылбекұлы педучилищені бітіріп, құжатын алды. Сол жылы тұрмысқа шықтым. Ол уақытта бүгінгідей дүркіретіп той өткізу қайда? Ағайын-туыс бес-алты үйге жиналады. Дөңгелек үстелге жағалай отырады да, кереуетке келінді босағадан аттатып, шымылдық құрып қояды. Молда неке қиды. Ептеген тілектер айтылып, сонымен той тәмәмдалды. Жар-жар айтатын заман ба еді?

1954 жылы жанымыздағы Қарасу, Төңкеріс деген колхоздар бірігіп, 22 Партсъезд деген совхоз болды. 1961 жылдары төрт-бес совхоз қайыра бірігіп, іріленген совхозға айналды.


Leave a Comment