Менің Жезқазғаным… Қоңыр күзіңді, суық желіңді сағыныппын. Тіпті суып кетіпсің. Әлгінде пойызда келе жатып байқадым, халықтың көңілі де бұрынғы емес, өзгерген. Әлде қасыма сондай жандар кезікті ме???Бәлкім мен суып кеткен болармын. Таңғы елең алаңда арқаның суық желі қарсы алды. Сен қарсы алмадың. Студент кезімде күн батыстан шыққан күлімдеген күніңмен күтіп аладың әдетіңнен неге жаңылдың? Өкпелімісің???
Улы пратон бүйіріңді тесіп, бүк түсіп жатып қалыпсың. Халық: “Путин ақша берсе, ол бізге де жетпейді ғой” деп гу гулеп жүр. Сенің дімкәс халіңді кім ойлар? Біреуі Қарсақпайға, енді бірі Қаракеңгір мен Сарыңкеңгір маңына құлапты деседі. Өткенде осыған орай “Бетпе бет” бағдарламасына тікелей телефон шалған жаңаарқалық келіншек: “Жылқымыздың қарап отырып жан тапсыруының сыры неде?” деп сұраған… Кім білген алтыншы рет құлап жатқан улы гептил анау-мынауға дес бермейтін жылқы малын да омақаса құлатып жатқан болар.
Жезқазғаным, қойнауыңдағы мысың мен асыл байлықтарыңды қазып алдық. Туыс туған тозаққа кеткендей жер астында еңбек етіп жүр. Қойнауыңдағы құтыңды аямай беріп жатырсың. Оны біз қияндағы Кәріс еліне тасумен әлекпіз. Қадіріңді білмеген соң, сезбеген соң, Аллаһым осындай сынақ жіберді ме екен деп те ойлаймын. Кім білген. Әзір ел жұрт аман. Бірақ бұл кеселдің зардабын мыңдаған жылға созылатыны шындық қой, Жезқазғаным. Енді қайтпек керек?

No Comments
Leave a Comment
trackback address